Жамбыл ауданында 120 отбасы баспаналы болды

0
5

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылында 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған отбасылар қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев және Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қатысып, қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Ел Президенті азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мен олардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді.

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Ал әр отбасының бақыты мен берекесі өз шаңырағымен тығыз байланысты. Сондықтан бүгінгі қоныс тойының мәні мен маңызы ерекше. Жаңа баспанаға қол жеткізген барлық тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа құт-береке, ынтымақ пен молшылық тілеймін! Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың қуанышы үйлеріңізден ешқашан кетпесін! – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Ләззат Ибрагимова тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын алқабында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС жүргізді. Бес қабатты тұрғын үйде 10 бір бөлмелі, 62 екі бөлмелі және 48 үш бөлмелі пәтер бар.

Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, атап айтқанда толық емес, көпбалалы, ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға берілді.

Қоныс иелерінің бірі, Аса ауылының тұрғыны Жәмилә Жайылғанова бұл күннің отбасы үшін ерекше қуаныш екенін жеткізді.

– Бүгін біздің жанұямыз үшін ұмытылмас бақытты күн. Көптен күткен арманымыз орындалып отыр. Сегіз баламыздың несібесіне үш бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткіздік. Осындай мүмкіндік жасап отырған мемлекетке, облыс және аудан басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Comments are closed.