Сайлау – еліміздегі ең басты қадам

0
173

Өткен аптаның сәрсенбісі күні, атап айтқанда 9-қарашада аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен аудандық барлық сайлау учаскелері комиссияларының төрағасы, мүшелерімен облыстық көшпелі семинар-тренинг өткізілді.

Онда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлының жүргізуімен өзекжарды алты мәселе қаралды. Атап айтқанда «2022 жылғы 20-қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу ерекшеліктері туралы», «Сайлау процесін ақпараттандыру және сайлауалды үгіт жұмыстарын ұйымдастыру туралы», «Сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беру пунктерін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен ережеге сәйкес жарақтандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы», «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар дауыс беруге арналған үй-жайларының, дауыс беру пунктерінің қолжетімділігін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен нұсқаулыққа сәйкес жарақтандыру және дауыс беру учаскесіне келу мүмкіндігі жоқ осы топтағы азаматтарға дауыс беруді ұйымдастыру туралы», «Сайлаудың өткізілуін байқауды жүзеге асыратын байқаушылармен жұмысты ұйымдастыру туралы» және «Сайлау күні сайлау учаскесінде ұйымдастырылатын жұмыстар туралы» мәселелер қаралды.
Мәдениет үйіндегі зал толы аудандық сайлау комиссия мүшелерінің алдында Серғали Айдапкелов бірінші мәселе ойынша жан-жақты хабарлама жасады. Алдымен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы бұл ерекше сайлаудың еліміздің өмірінде айтулы орын алатынын, еліміздің ертеңі, кемел болашағы таразы басында тұрғанын айта келіп, барлық сайлау комиссиясы мүшелерін дауыс беруді тек заң жүзінде жүзеге асыруға шақырды. Тіптен міндеттеді десек те болады. Сайлау учаскесін дайындау, дауыс беруге барлық жағдай жасау, сайлаушылармен қарапайым қарым-қатынас жасап, мәдениетті қызмет көрсетуді тапсырды. Сол сияқты осындай көшпелі тренинг-оқыту, тәжірибе алмасу облыстың барлық сайлау учаскесінде өткенін, комиссия мүшелері арнайы оқу оқығанын арнайы сертификат алғанын, ал түрлі себептермен оқымай, сертификат алмағандарға жалақы төленбейтінін қадап айтты.

Ал облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева екінші мәселе бойынша сайлау процесін ақпараттандыруға, сайлау алды үгіт жұмыстарын жүргізу туралы келелі әңгіме қозғады. Сайлау алды үгіт үш жақты, атап айтқанда көрнекті үгіт құралдары, телевизия және радио, сол сияқты бұхаралық-ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін айта келіп, телевизия арқылы 15 минут, баспасөз арқылы 540 см2 материал бере алатынын, оның өзі заңдық талаптарды сақтай отырып жүргізілетінін жеткізді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру ережесі туралы, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі С.Қойшыбаев баяндап, бұл мәселе өте күрделі екеніне тоқталды. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың есебін алу, мекен-жайларын анықтау, сайлау учаскесіне келе алмайтындар, олардың күтушілерінің мүмкіндіктерін де ескере отырып тыңғылықты дайындықты сапалы аяқтауды, сайлауды заң жүзінде жүргізуді ұсынды.
Ал төртінші мәселе сайлаудың өткізілуін байқауды жүзеге асыратын байқаушылармен жұмысты ұйымдастыру туралы хабарлама жасаған облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Ж.Бақбергенова байқаушыларды қалай тіркеу, қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы заң талаптарына сәйкес түсіндірме берді.
Ең алдымен бақылаушы кім, байқаушы кім екенін ажыратып алу керектігін тілге тиек етті. Байқаушы белгілі қашықтықта сайлаудың қалай өтіп жатқанын ғана қадағалайды. Ешқандай нұсқау, тапсырма бере алмайды. Өз ойын ғана айтып, мән-жайды өзара ғана пысықтайды. Ал бақылаушы кейбір жағдайды тексеріп, мәселені түзеуге тиімді шешуге құқылы екенін баса ескертті. Қандай жағдай болмаса да сайлауды өз дәрежесінде өткізу басты міндет екеніне тоқталды. Сол сияқты ең пайдалы, заң күшіне негізделген, сайлау күні сайлау учаскесінде ұйымдастырылатын жұмыстар туралы, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Талғат Жамалов арнайы нұсқаулықты тарата отырып, сайлау күнгі комиссияның атқаратын жұмысы туралы сағат-сағатымен, минут-минутымен, «тайға таңба басқандай» етіп жеткізді.

Аудан сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы соңғы мәселе бойынша аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымов хабарлама жасап, аудандағы 41 сайлау учаскелері дауыс беруге жүз пайыз дайын екенін мәлімдеді. Дауыс беруге арналған орындар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулықтарына сәйкес жабдықталғанын, жасырын дауыс беретін кабиналар сайлаушылар тізімдері, сайлау жәшігі оның ішінде үйден дауыс беретіндерге арналған жылжымалы дауыс беру жәшіктері байқаушылар, кандидаттардың сенімді өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы орындар дайындалып қойылғандығын жеткізді. Шорман Төреханұлы өзге мәселелер туралы да жан-жақты түсініктер берді.
Семинар-тренингте Меркі ауданы прокуратурасының және Меркі аудандық жергілікті полиция бөлімінің жауапты өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын құқықтық қамтамасыз ету, сайлау заңнамаларын сақтау, тәртіп мәселелері туралы шығып сөйледі.
Семинар-тренингте жиналғандармен, дауыс беру күні УСК мүшелерінің учаске ашу, бюллетеньдер беру, ұлттық, халықаралық байқаушыларды, БАҚ-ты, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу, оның ішінде мүгедек адамдар үшін дауыс беруді ұйымдастыруды санау және қорытындылау рәсімдері, Құқық қорғау органдарымен бірлескен тиісті іс-қимыл алгоритмімен жұмысты ұйымдастыру туралы, іскерлік, екіжақты сұрақ-жауап ойыны өткізілді.
Семинар тренингті облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов қорытындылап баршаға табыс тіледі.

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.

Другие новости