Меркінің мерейін асқақтатты
Ия, шынымен ақ түйенің қарны жарылып, Болгарияның София қаласында өткен Әлем чемпионатында күмістен жүлде еншілеген Мерей Базарбайұлы меркілік жерлестері жүректері жарылып, қуаныштары қойындарына сыймай құшақтарын ашып, тұмақтарын аспанға атып қарсы алды. Олай болатын жөні де бар. Меркідегі еркін күрес мектебінің түлегі, бүгінгі күні Алматыдағы республикалық олимпиада резерві мектебінде қызу дайындықтан өтіп жатқан, Ақтоған ауылының тумасы Мерей Базарбаев жыл басында Бахрейн қаласында еркін күрестен өткен жиырма жасқа дейінгі спортшылардың Азия чемпионатында бірінші орын алып, алтыннан алқа тақты, осы шілде айында әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде, америкалық еркін күрес шеберіне бір ғана ұпай санымен есе жіберген жампозымыздың, бота тірсекті, бура санды, 57 килограмм салмақта жарқыратып күмістен медаль алып, Еліміздің көк туын аспандатты.
Ел намысын қорғап, күмістен медальді кеудесіне жарқырата таққан арысын жерлестері Бішкек қаласы аэропортына арнайы барып, салтанатты түрде қарсы алды.
Меркі жеріндегі алғашқы кездесу Екпінді ауылындағы №22 орта мектептің алдында болды. Меркілік жанкүйерлер, мектеп оқушылары, жаттықтырушылар, ауыл тұрғындары Меркінің, ауданның, республиканың мерейін асқақтатқан Мерейді мейірлене гүлшоқтарымен, шын пейілімен, құшақ жая қарсы алды, қолын қысып, маңдайынан сипады, естелікке суретке түсті.
Батырын алдыға салған ел туын желбіреткен эскорт аудан орталығынан өтіп, кернейлетіп, сырнайлатып Ақтоған ауылының Мәдениет үйіне ат басын тіреді. Ел, ел намысын қорғаған есіл ерін ақ пейілмен, нан-тұзбен қарсы алды. Ауыл қариясы, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Жоран Алахунов тебірене сөз алып:
– Балам, атаң Базарбай Сраилов өте керемет адам еді. Алматыда ауыл шаруа-
шылық институтын қызыл дипломмен бітіріп, зоотехник болып қызмет атқарды. Инс-
титутта оқып жүріп Алматы қаласының бірнеше рет еркін күрестен чемпионы болды. Сол кездегі Одақта жүлде алып, чемпион атанған Амангелді Ғабсаттаровпен тең күресуші еді. Бір ол, бір бұл жеңетін еді. Айналайын Мерей! Атаңа тартыпсың. Құдай бағыңды, жолыңды ашсын. Енді екі жылдан соң Францияда өтетін Олимпиада да ел туын желбіретіп, алтыннан алқа тағып, Қазақ елінің көк туын асқақтат,-деді.
Салтанатты кездесуде ауыл ардагерлері, осы кездесуді ұйымдастырып, елден ерек қуанып, Алматыдан арнайы келген Тілек Сансызбаев, ақтоғандық Нұрлан Сейсебаев, округ әкімі Данияр Әбдіразақ, сол сияқты ауылдың бірнеше ақжарма атпал азаматтары, Мерейдің жаттықтырушылары, тілеулестері т.б, шын ниеттерімен, ақ тілектерін жеткізіп, денсаулық, абырой, жаңа жеңістер тіледі.
Ұйымдастырушылар Мерейдің ата-анасына, алғашқы жаттықтырушысы Нұрбай Абаевқа бүгінгі жеке жаттықтырушысы Ролан Күзембековке шапан жауып, сый көрсетті.
Ал, жерлестері Мерейге ер-тұрманымен, жабуымен Тұлпар сыйлап, жеңімпаздың құрметіне дастархан жайып, ақ тілеулерін аямай төгіп, ел намысын, мерейін асқақтата беруіне ақ баталарын берді.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»