Елдіктің жеті тұғыры
№44 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы жан-жақты түсіндірілді.
«Бұл-отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдаған Үндеуім деп қабылдаңыздар»,- деген еді кезінде Елбасы бұл мақалада.
Тәуелсіздік кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық екенін, тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау–әрбір қазақстандықтың міндеті екенін айқындайды.
… Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.
Тәуелсіздік ата – бабаларымыздың қанымен, еліне деген шексіз сүйіспеншілігі мен көзсіз ерлігінің, қайсарлығының арқасында келді. Сондықтан Тәуелсіздік кез-келген адам үшін ең басты құндылық.
Тарихтан белгілі, әлемде көптеген экономикасы құлдыраған елдер бостандығынан ажырап, бодан елге айналып жатты. Біз тәуелсіздігімізді нығайту үшін экономикамызды нығайтуымыз қажет. Экономикасы дамыған, ауқатты мемлекет ешкімге бас имейді. Сондықтан әрбір азамат экономикамыздың қарыштап дамуы мен гүлденуі үшін аянбай еңбек етуі қажет.
Қазақстан көпұлтты, зайырлы мемлекет. Барлық ұлт өкілдері өз салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, дінін сақтай отырып, бірлік пен келісімнің арқасында бейбіт күн кешуде. Елімізде өзге ұлттардың дініне ешқандай қысым жасалмайды. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері біртұтас ұлт ретінде қалыптасып, тәуелсіз еліміздің өсіп- өнуіне ықпал етіп, өз үлестерін қосуда. Тарихқа үңілсек, халқымыз қиын қыстау кезеңде көшіп келген өзге ұлт өкілдеріне жанашырлықпен қарап, бір үзім нанын бөліп беріп, тар үйіне паналатқан. Қазіргі таңда өзге ұлттың өкілдері қазақ халқына құрметпен қарайды.
Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық.
Тарихтан белгілі, қазақтың кең байтақ жеріне көз тігіп, иемденгісі келгендер қаншама еді. Батыр бабаларымыз «Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерін ешкімге бермейміз, қасық қанымыз қалғанша жаумен шайқасып өлеміз, жерімізді ешкімге таптатпаймыз, әйелдер күң, балалар құл болмайды!», — деп атқа қонып, жерімізді, елімізді жаудан қорғады. Ұлан-ғайыр, кең байтақ жерді ұрпаққа аманат етіп тастап кетті. Сондықтан ел үшін жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Жеріміздің тұтастығы — елдің тұтастығы. Жер мәселесі қашан да өткір де аса маңызды мәселе болды. Сондықтан қазақ елі тәуелсіздігін алысымен құжат жүзінде шекарасын бекітті.
Біздің Отанымыз–Тәуелсіз Қазақстан. Осында тұрып жатқан өзге ұлттың өкілдері де Қазақстанды Отаным деп санайды. Өз отбасын, туыс-жақындарын, ауылын, елін құрметтеп, сүйетін, жанашырлықпен қарайтын бала Отанын да шексіз сүйе алады. Отбасы мүшелерін жақсы көріп, сыйлап, ізет көрсететін азаматтардың жүрегінде Отанына деген шексіз сүйіспеншілік жатады. Өйткені, Отанды сүю отбасынан басталады.
Жаһандану үдерісі тұрмысымызға, салт-санамызға көптеген өзгерістер әкеліп жатыр. Соған қарамастан ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан ажырап қалуға болмайды. Салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, тілімізді, дінімізді көзіміздің қарашығындай сақтап қалуымыз қажет.
Қазақ халқының мәдениеті тереңнен бастау алған. Өз мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай алуымыз керек. Басқа халықтарды өнердің құдіретімен, ғылыммен ғана мойындата аламыз. Қазақтың киелі өнері, мәдениеті таңғажайып. Халқымыз асыл мұраларға бай халық. Қазақтың тамаша мәдениет үлгілерін ең алдымен өзіміз танып, біліп, зерттеп, содан соң өзгеге танытуымыз қажет. Есік қорғанынан Алтын адамның табылуы, оның киім үлгісі көшпенділерде мәдениеттің ертеден бастау алғанын паш етеді. Бүгінде дүние жүзіне әйгілі Алтын адамның сақ билеушісі екенін, көсемге деген құрметтің ерекше болғанын оның киіміндегі мифологиялық бейнелерден де көруге болады.
Қазіргі таңда білімді жастарға барлық жағдай жасалынып отыр. Шет елдерде оқып жатқан жастарымыз, ғылымға бет қойып, ғылыми жаңалықтар ашып жатқаны қаншама?! Олар білімі мен еңбегін туған жерінің гүлденуі мен өсіп-өнуіне арнауы тиіс деп ойлаймын. Жастар табысқа жету үшін үздіксіз білім алып, тынымсыз еңбек етуі керек. Адал еңбек адамды мақсат мұратына жеткізеді. Халқымыз бақуатты өмір сүру үшін білім мен еңбекті ұштастыра отырып өз күшіне сеніп, нәтижелі табысқа ұмтылуы қажет.
Елімізде дарынды, қабілетті жастар өте көп. Жастарға қалаған іспен айналысуына, қабілет- дарынын пайдалануына, білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік зор. Олар қай кезде болмасын бәсекеге қабілетті болуы керек. Қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынып, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жастар нәтижелі жұмыс атқарып, көздеген мақсатына әркез қол жеткізері анық.
Әркез еңсемізді биік ұстап, келешекке жарқын сеніммен қадам басайық!
Ж.Мукашева,
№44 ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі