Батыр баба
Биыл Сыпатай Әлібекұлының туылғанына 240 жыл. Қазақтың қазіргі жерінде ел бірлігін сақтап қалу жолында өмірін сарп еткен ел арасынан ақыл-парасатымен, мәмілегерлігі мен батырлығымен, әділ билік етумен дараланып шыққан қайраткерлер аз болмаған.
Мұндай тарихи тұлғалардың ішінде Меркі жерінде дүниеге келіп, дау-дамайға кесімді билік айтуға араласып, елге танылған Сыпатай биді ерекше атап айтуға болады. Қазақ халқы еліне адал қызмет еткен тарихи қайраткерлерді еш уақытта есінен шығарған емес. Аудандық тарихи-өлкетану музейі де өз тарапынан батырдың әр бір жәдігерін қастерлеп сақтап,халыққа насихаттап, көрсетуде аз жұмыс атқарып отырған жоқ.
Музейдің этнография залында Сыпатай Әлібекұлына арналған бұрышта шапанының бір жақ қапталы, сауытының бір бөлігі, қылыштары, қамшысының бөлігі, алғашқы күмбезінің кірпіштері сол сияқты жез құманы музейге келушілердің қызығушылығын тудырып, тарихтан сыр шертіп тұр. Осы жәдігерлердің ішінде ең соңында жез құманды Меркі ауылының тұрғыны Ахтамбердиевтердің ұрпағы 2004 жылдың мамыр айында музейге сыйға тартқан болатын.
Биыл Сыпатай Әлібекұлының туылғанына 240 жыл толуына орай музейде «Батыр баба» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Онда Батыр туралы кітаптар, фотосуреттер, құжаттар және 210 жылдығына сыйға тартылған кілемдер қойылған. Музейге келушілер көрмені көріп және музей қызметкерлері батыр туралы мағлұматтар беріп отырады.
Сыпатай батыр 85 жыл жасаған өмірінде қара қылды қақ жарған мәмлегер әділдігімен,батырлығымен, шешендігі мен көсемдігі, халықына қалтқысыз қызмет еткен еңбегімен ел есінде мәңгілік қалды.
П.Джумабекова,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің
суретші-көркемдеушісі