Тынымсыз тындырымды жан

0
51

Ия, осы бір шағын мақаланың кейіпкері, Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі», «AVICENNA» мерекелік «Алтын жұлдыз» медалімен, «ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі», облыстың «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, сол сияқты он бес жыл үздіксіз аудандық туберкулёзға қарсы диспансерді басқарып, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімінің, облыстық Мәслихаттың «Құрмет Грамоталарымен» наградталған, зейнетке шықса да әлі аттан түспеген, аудандық аурухананың дәрігер-ренгтологы, ізденімпаз Тынышбек Кембай туралы айтса болады.
Осыдан 49 жыл бұрын Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген балаң жігіт Меркі аудандық туберкулёзға қарсы ауруханаға дәрігер болып орналасады. Бүкіл Республикаға танымал, білікті, атпал азамат, бүкіл Меркі ауданы орнынан түрегеліп сый көрсететін Шамар Хасенұлы жас жігітті келе-келе өзіне бас дәрігердің орынбасары етіп алып, еңбек демалысына шыққан соң, қатардағы дәрігер бола жүріп, Тынышбек Кембайды өз орнына бас дәрігер етіп қалдырып кетеді. Содан ізденімпаз, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүретін жігіт ағасы, мекемені облыста оза шауып жүлде алатын, бәйгенің байрағын желбірететін дәрежеге жеткізеді. Өзі де тәлімгері Шамар Хасенұлы сияқты бас дәрігерліктен зейнетке шығады.
Ал атынан ат үркетін өкпе ауруынан Тынышбектің тікелей еңбегімен, басшылығымен қаншама адам жазылып алғысын жаудырмады. Менің білуімше ел ризалығында есеп жоқ деп ойлаймын.
Осылай бір орында тыныш отыра алмайтын «мазасыз» басшының өзінің де бір «ауруы» бар. Ол ішкен асын жерге қойғызатын, ойлылар ойнайтын -Шахмат ойыны. Облыстық, республикалық жарыстарда жүлде олжалап жүрген жеңілтек «бала» Т.Кембайды Меркіліктер 2012 жылы аудандық шахмат федерациясын құрып, Президенті етіп сайлайды. Сол жылы федерация облыстық юстицияда тіркеліп, іргелі ұйымға айналады.
Өзінің қолы тимейтін болған соң Қырғызстанның Талас қаласынан тәжірибелі шахматшы Болот Әлібаевты арнайы шақырып №18 спорт мектебіне жаттықтырушы, әрі балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайына үйірмеге сабақ беретін мұғалім етіп орналастыруға күш салады. Сол ұмтылыстың арқасында Меркілік шахматшылар соңғы он жылда облыс, республика деңгейінде үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Атап айтқанда Бақытжан Кембаев, Бақыт Ерсайын, Назерке Шекербек, Алёна Полунина, Ирина Александрович, Диана Сулейманова, Ақерке Сейтқазиева, Даниил Кочерга, Ерасыл Мырзакерім сияқты шахматшылар республика деңгейінде жоғары көрсеткіштерге жетті.
Федерация 2015 жылы қанатын кеңірек жайып шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарының басын біріктіріп іргелі федерацияға айналды.
Бір айта кететін жетістік десе болады осыдан бес жыл бұрын Меркі ауданында Синьорлар арасында Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Республикамыздың барлық өңірінен 80-нен аса жастар, елуден жасы жоғары ардагерлер қатысып, жарыс көрігін қыздырды.
Сол атынан ат үркетін чемпионатта Любовь Кулыгина жүлделі үшінші орынды иеленгені сенсация болды десе да болады. Ал биыл сәуірдің 27-сі мен мамырдың 7-сі аралығында жүз шаршылы дойбыдан жасөспірімдер арасындағы Республикалық жарыс Меркі ауданында өтті. Оған барлығы жүзден аса дойбышы қатысып, біздің спортшылар көп тәлім алып, тәжірибе жинақтады.
Ия, тілге тиек етіп отырған мәселелердің бәрі зыр жүгіріп ұйымдастырып, істің көзін, демеушілердің тілін табудың арқасында мүмкін болғаны даусыз.
Адам жанының қорғаушысы ақ халатты абзал жанның бірі Тынышбек Кембай осы өнерді сүйіп, дамуына бар күшін жұмсағаны үшін Қазақстан шахмат федерациясы оны 2018 жылы өзінің «Құрмет Грамотасымен», Қырғыз Республикасының шахмат федерациясы да «Құрмет Грамотасымен» марапаттап, құрмет көрсетті.
Солай тыныш отыра алмай, тыным таппай жүрген, спортты, шахматты жанындай сүйетін Тынышбектің жанын жеген бір арманы бар. Ол –шахматшылар, дойбышылар мен тоғызқұмалақшыларға, федерацияға жаңадан соғылып, пайдалануға беріліп жатқан Спорт кешенінен орын бөлінсе.
Шілденің 20-жұлдызы халықаралық шахматшылар күні. Барша ойлылар ойыны шахматшыларды осы мереке күнімен, сол сияқты жарысқа келіп жатқан спортшыларды да құттықтаймыз. Ал, аудан әкімдігі, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі шахмат федерациясы өтінішіне құлақ асып, жатса, Нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрай Махан,
«Меркі Ақиқат»

.

Comments are closed.

Другие новости