Жайнай бер, Астана!
Меркі аудандық білім бөлімінің қосымша білім беру мекемесі Оқушылар «Үміт» сарайында көпшілік іс-шаралар бөлімінің ұйымдастыруымен Астана күні мерекесіне орай «Жарқырап жайнай бер, Астана!» атты іс-шара болып өтті. Мекеме басшысы З.Бейсенбаева құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның елордасы, бүгінгі астанамыз — Нұр- Сұлтан қаласы қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы екені, қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз еместігі айтылып, Астана күні құтты болсын! деді. «Үміт» сарайының «Әсем» көркемсурет үйірмесінің оқушылары Астана күніне орай, нағыз шығармашылық пен қиял жәрмеңкесін ұйымдастырды. Астанамыздың «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақ Орда», «Пирамида» сияқты көрікті ғимаратының суреттерін салса, жазғы каникул кезінде үйірмелерде әртүрлі техникада, декупаж, оригамимен, пластилинмен импровизацияланған материалдардан жасалған қол-өнер бұйымдарынан көрме жасалынды. Осы көрмеге қосымша «Ел жүрегі — Астана» атты альбом жинағы «Астана тарихы», «Елбасы жолы», «Әлем таныған Елбасы» сияқты Астананың биік беделі мен асқақ абыройын бейнелейтін дүниелер орын алды. Сол сияқты, бас шаһардың тарихы, өткені, осы күні , мәдени және әлеуметтік дамуы жөнінде қызықты видеоролик көрсетілді. «Менің сүйікті астанам» тақырыбында эссе жазылды. «Үміт» сарайының талай республикалық, облыстық, аудандық өнер жарыстарында бас бәйгені бермей келе жатқан жас әнші Бекболат Бақтиярұлы «Астана — айбыным» , «Елордам — Астанам» әндерін шырқаса, «Жібек жолы» тобының бишілері қазақ билерін мың бұрала билеп, іс-шара көрігін қыздыра түсті. Ұжым педагогтары, жазғы демалыс кезіне қарамастан «Астана — жастықтың қаласы» айдарымен өткен күндер хиты саналатын «Бұл біздің дискотека» биін билеп, көп көңілінен шықты.
Гулмира Ахметжанова,
Оқушылар «Үміт» сарайының педагогы.