Болашаққа жол әрқайсымыздан басталады

Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс дүние. Жалпы, қандай елде болсын азаматтарының, жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс!.. Қазіргі танда, елімізде жастар саясаты қолға алынуда. Бұл орайда, көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде. Осы саясатты іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің ұйымдастыруымен жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарын құру жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік желілерге хабарландырулар жарияланып, тиісті мекемелерге арнайы хаттар жолданды. Жоғары аталған жұмыстар нәтижесінде жалпы 35 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Ағымдағы жылдың 29 мамыр күні аудандық орталық Саябақта ашылу салтанаты өтті. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдарын тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» демекші, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет етіп жүр. Сондықтан мынадай iс-шараға барлық оқу орындары атсалысса, тiптен жақсы болар едi. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!..
Даулет Арыстанбек,
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы