Жастар парызы – ел тарихын білу

Меркі аудандық кітапхананың «Білім орталығында» Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевтың 80 жасқа толуына байланысты «Ел тарихын білу – жастардың парызы» тақырыбында, Ақпараттық библиография бөлімінің меңгерушісі Ғ. Оразбаеваның ұйымдастыруымен дискуссия алаңы өтті.
Оған Меркі аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Қамбарбек, ардагер Әметқұлов Амангелді Сәдібекұлы, сонымен бірге Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, кітапхана мамандары қатысты.
Өмірзақ Озғанбайұлы Озғанбаевтың өмірі, атқарған қызметтеріне тоқталып таныстырылғаннан кейін, сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Қамбарбек ағаға берілді. Жастарға, Өмірзақ Озғанбаевтың жүріп өткен жолы, таныстығы, жастарға тәлім тәрбиелік мәнді, мағыналы әңгімелеп берді.
Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз — деп, Әл-Фараби бабамыз айтқандай қай салада қандай қызметте болсада Өмірзақ Озғанбайұлын толғандырған басты мәселе ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен тарихы, мәдениеті екенін көруге болады, сол салт-дәстүрімізді жалғастыратын, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау, игі істер-
ге үлес қосу – жас ұрпақтың еншісінде екенін өзінің ғылыми танымдық мақалаларынан ақ көруге болады.
Өмірзақ Озғанбаевтың бір берген сұхбатында: «Кезінде жастар ақпараттардың көбісін аузы дуалы ақсақалдардан алатын. Ал бүгінгі қоғам – технология дамыған, ақпаратқа бай қоғам. Бұрын жастар күн-түн демей қарттардың өнегелі әңгімесін тыңдайтын. Алайда заманның ерекшелігін де ескеру керек.
Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқы жоқ іздеген халық» деп айтқан екен, Ұлы ұстазымыз айтқандай қазақтың іздейтін жоғы өте көп. Ол жоқтардың бірі – жастарға жақсы білім алу, дүниедегі ең озық техниканы меңгеру болып тұр»- дейді.
Дискуссия алаңы болғандықтан іс-шараға қатысушылар өз ойларын ашық, еркін жеткізіп, аудан Ардагері Әметқұлов Амангелді Сәдібекұлы жастарға деген игі тілектерін білдірсе, Сұрат ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы өз ойын еркін жеткізіп, қазіргі кезде жастардың атқарып жатқан қызметтерін, жастардың заман ағымына қарай өркениетке үлес қосқан ұлы халықтың ұрпағы екендігін жеткізді.
Сармолдаев ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Жансая Үсербаева «Тәуелсіздік теңдесі жоқ тұғырым» тақырыбында шығарған өлеңін оқып берді.
Арнайы жасалған кітап көрме «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында және Ардагерлерге жасалған суреттер галереясына шолу жасалды. Іс-шара соңында Иманалиев Қамбарбек жастарға деген бата тілегін берді.
Қортынды сөзінде аудандық кітапхана директорының орынбасары А. Бүркітбаева келгендерге рахметін айтып алғысын білдірді.
Ғ.Оразбаева,
Меркі ауданық орталық кітапхананың Ақпараттық библиография бөлімінің меңгерушісі