Ардагерлерді –ардақтайық

0
174

Ардақты ел ақсақалдары!
Қадірменді асыл аналар!
Сонау сұрапыл соғыс жылдарында, жоқшылық пен соғыстың қатар қиындықтарын бастарыңыздан кешіре жүріп, Отан үшін, елім үшін, жеңіс күні үшін деп күн-түн демей еңбек майданында, абыройлы еңбек етіп, қиналсаңыздар да, ерекше бір үлкен күшпен, серпіліспен, «біз жеңіске жетеміз» деген нық сеніммен, рухтарыңызды түсірмей, Отанымыздың экономикасын көтеру үшін, соғыс даласында жанқиярлықпен елін, жерін қорғап жатқан жауынгерлерге деп азық-түлік, молшылығын жасап, жылы киім-кешек, тіккен қолғапқа дейін түнімен тоқып жіберген күндеріңізді, көпшіліктеріңіз бүгінгі жас толқын ұрпақтарыңызбен кездесу кештерінде, көздеріңізге жас ала отырып баяндаған күндеріңіз аз болған жоқ шығар.
Иә, ол күндердің бәрі артта қалды. Бүгінгі ұрпағымыз ондай қиындықты көрмесін деп тілейсіздер. Лайым сол тілектеріңіз қабыл болғай. «Бір қиындықтың бір қуанышы болады» демекші, сол қиын күндерді қинала жүріп қашан жақсылық болады, жеңіске жетеміз, соғыстан біреулеріңіз балаларыңызды, енді біреулеріңіз ер азаматтарыңызды, тіптен жап жас сәбилер әкелерін аңсап жүргенде, қасиетті Жеңіс күні де 1945 жылы 9 мамырда келді. Бүкіл дүниежүзі халықтарымен бірге біздер елдің үлкені де, кішісі де зор, қуанышқа кеңелдік. Бұл күн әлбетте ешқашанда естен кетпейді, ол Ұлы Жеңіс, Ұлы той.
Иә,бүгінгі күн ата бабаларымыз айтқандай «қой үстінде бозторғай жұмырт-қалаған» деген заман. Осындай тамаша күнді, Жеңісті сыйлаған аға ұрпақ өкілдерінің ерлігін, еңбегін бағалай да, ардақтай да білгеніміз жөн.
Бүгінде ауданымызда сол екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған, яғни қатысқан 12 мыңнан астам адамнан 6- ақ соғыс ардагері, ал тылда еңбек көрігін қыздырып жеңісті жақындатқан екі жүзге жуық тыл ардагерлері ортамызда жүр. Олардың, әсіресе соғыс ардагерлерінің атын атасақ- Жармұхамбетов Әзім – Ақарал ауылында, Әнефияев Көлбай- Сұрат ауылында, Баннов Василий ,Сенюшова Евгения- Меркі ауылында, Калачеев Антон- Ойтал ауылында, Медетбеков Өмірбек- Ақтоған ауылында тұрады. Ал тыл ардагерлерінің бәрінің аты-жөнін жазу әлбетте бұл мақалада мүмкін емес. Алайда әрбір ауылдық округтерде олардың аты-жөні есепте, оларға да жан-жақты қамқорлық жасау баршамыздың абыройлы борышымыз деп білгеніміз жөн. Аталған адамдардың барлығы дерлік 90 мен 100 жастың арасындағы абыздарымыз. Көбінің денсаулығы сызат берген, енді біреулері тіптен төсек тартып та жатыр.
Осы тамаша күнді бейбіт өмірді бізге сый еткен ардақты соғыс және тыл ардагерлеріне қолдан келгенше көмек беру, қамқорлық жасау, тиісті дәрі-дәрмегін беріп, емдеу, бір мезгіл үйіне барып жәй- күйін көріп, көңіл бөлу бүгінгі денсаулықтың арқасында жұмыс істеп, табыс тауып, жақсы өмір сүріп жүрген әрқайсымыздың адамгершілік парызымыз деп білгеніміз абзал.
«Сиырға туған күн ,танаға да туады» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай біздер де ертең 80-90 жасқа келеміз, сол кезде кейінгі ұрпақ бізге де қамқорлық жасаса қандай ғанибет. Дүние адамға опа болмайды деген ғой. Қолымызда барда қарттарға, ауру сырқау адамдарға көмек қолын созып тұрған жөн сияқты. Тағы бір айтарымыз, сол соғыс және тыл ардагерлері күні кеше осы ауданның бір мекеме ұйымдарында еңбек етіп, зейнетке шықты ғой. Сол мекеме, ұйым басшылары да, сол коллективтің мүшелері де, ауданымыздың кәсіпкерлері де, жалпы тұрғындары да ескеріп, қамқорлық жасаса құба –құп болар еді.
Иә, биыл тәуелсіздігіміздің 30-жылдық торқалы той жылы. Соғыс,тыл еңбеккерлерімен бірге еңбек ардагерлерді де егемендігіміздің еңсесін көтеруіне осы бір тамаша заманды келтіруге өз үлестерін қосқаны да баршамызға аян. Сондықтан оларды да осы бір қуанышты, той күні, жеңістің жалауы желбіреген күні ескеріп, елеп, қолдан келгенше марапаттап, мадақтап, үлгі өнеге етіп қойсақ оның да тәрбиелік мәні зор.
Енді бір айтарымыз әрбір ауылдық, округтерде соғыс ардагерлеріне арналып қойылған ескерткіш, обелисктер бар.Соларды да ерекше күтімге алып,төңірегін гүлдендіріп жас бүлдіршіндеріміздің тәлім-тәрбие алатын,рухын көтеріп,патриоттық сезімін оятатын орынға айналдырсақ жақсы бір үлкен іс тындырған болар едік.

Қамбарбек Иманалиев,
Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Comments are closed.

Другие новости