Қой қоздап, қорада шу

0
756

«Жылыбұлақ» серіктестігі ауданымызда меринос қойын өсіретін іргелі шаруашылықтың бірі. Мұнда орта құмдағы Сарғобы мал жайылымында серіктестіктің 23 мың бас қойы қыстады, оның 15 мыңы саулық қой.
Осы көктемгі қой қоздатуға байланысты қой төлдету науқанының жағдайын білмек үшін, серіктестіктің бас зоотехнигі Уалихан Керімқұловпен Сарғобы мал жайылымына ат басын түзедік.
Көктемнің жауын-шашынды, әрі ұзақ болуына байланысты құмда әлі көк көтеріле қоймапты. Әрі жайылым да өткен жылғы қуаңшылыққа байланысты көзімізге жұтаңдау, шөбі аздау, сұйық болып көрінді.
Алғашқы жүздескеніміз Жеңіс Календаровтың отары болды. Бағымындағы 562 саулықтың әр жүзінен 102-ден төл алыпты.
– Шынында биылғы мал қыстату күннің суығына байланысты күрделірек өтті. Алайда жем-шөптің берік негізі қаланғанына байланысты, малымыз қыстан қоңды шықты. Соның арқасында әр жүз саулықтан 102- ден төл алдық. Жағдайымыз жақсы. Отын-суымыз, азық-түлігіміз жеткілікті. Бала-шаға аман- есен. Тұмау-сұмаудан, індеттен құдай сақтасын деп тілеп отырмыз,- дейді аға шопан Жеңіс Календаров.
Біздің жалақы, заттай еңбекақы туралы қойған сұрағымызға:
– Қозы бөлік кезінде серіктестікке әр жүзіне 75 қозыдан береміз. Қалғаны біздің меншігіміз, – дейді өз ісіне разы Жеңіс мырза.
Жалпы «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал қыстатуға бір жарым мың тонна шөп, 500 тонна жем дайындапты.
Осы құм жайылымында барлығы 36 отар қой, оның 26 отары саулық, сол сияқты үш жүзге жуық ірі қара, 500-ге жуық Қамбар ата түлігі, 60 түйе түгел осы орта құмда қысталуда екен.
Келесі тоқтаған қыстауымыз, серіктестіктің озат шопандарының бірі Тоқан Рахманқұловтың отары болды. Қысқы қора-жайы сайлы, жем-шөбі жеткілікті, ісі табысты Тоқан есімді жігіт, бізді жылы шыраймен қарсы алды.
– Отарымызда 572 бас саулық қой бар. Төл алу науқаны бітті десе де болады. Сақпаншылардың қажырлы еңбегінің арқасында, әр жүз саулықтан 105 қозыдан алдық. Көңіл-күйіміз жақсы. Ферма меңгерушіміз Рақат Байсалов та күн құрғатпай келіп, жағдайымызды біліп, дәрі-дәрмегімізді әкеліп, газет-журналды, соның ішінде сіздердің «Меркі Ақиқат» газетін де жеткізіп тұрады. Аудан жаңалығынан қабардармыз. Аудан әкімін, Руслан Нұрсипатовты сіздердің газеттеріңіз арқылы танимыз, – дейді Тоқан Рахманқұлов.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай малшыларымыздың жағдайы жаман емес. Биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдығы. Мерекелі жыл. Оған біздің серіктестік малшылары қомақты табыстармен баратынына сенімдімін. Мал дәрігерлері де, ферма меңгерушілері Рақымбай Досболов та, жылқы ферма меңгерушісі Талғат Керімбаев та, Рақат Байсаловтар да мал басын сақтау, оның төлі есебінен өсіруге бар күштерін жұмсап жатыр.
Ірі қара мал, түйе,- Ойсыл қара түлігі осы құм жайылымында қалады. Ал шопан ата түлігі мен жылқы ауылға түседі. Кәзір қой қырқынына қызу әзірленудеміз. Алайда жүнге деген сұраныс жоқ. Серіктестігімізде өткен жылғы тайлап буылған меринос қойдың жүні әлі өткерілмей жатыр. Егер ұқсатамын деген кәсіпкер болса, біз қуана қарсы аламыз,-дейді шаруашылықтың білікті, кішіпейіл бас зоотехнигі Уалихан Керімбаев.
Ия, айтса айтқандай жылыбұлақтық малшылар жыл санап оңтүстік меринос қойын көбейтуде. Қоңды мал, төлді екеніне тағы да бір көз жеткізіп, жылыбұлақтықтардың игілікті ісіне ризалығымызды білдіріп, еңбектеріне табыс тіледік.

«Меркі Ақиқат»,
Еркін Жасыбаев
(сурет)
Суреттерде:
1) Талғат Керімбаев – ферма меңгерушісі, Жеңіс Календаров – шопан, Уалихан Керімқұлов – бас зоотехник, Эрик Конурбаев – заңгер (оңнан солға қарай);

Comments are closed.