БАҒЫ ЖАНҒАН БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ

Тура іргелі Трубицын атындағы орта мектептің алдындағы балалар кітапханасы неше жыл қиындықкөріп, мехнат шегіп, өз дәрежесінде балаларға қызмет көрсете алмай, талай әңгіменің, талай сынның объектісі болғаны құпия емес. Тіптен қоғам белсендісі, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрсұлтан Жәнібеков кітапхана туралы газетке көлемді материал да жазып, округ және аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру кезінде де, сол сияқты облысымыздың бұрынғы әкімі А.Мырзахметовпен кездесу кезінде де тілге тиек етіп, кітапхананың қамын жегенінен бәріміз хабардар болғанымыз баршаға анық.
Ары өтіп, бері өтіп күрделі жөндеу жұмысын қауырт қолға алып жатқан құрылысшылардың жұмысын көріп Нұрекеңе «кітапханаңыз бой көтеріп келе жатыр, жуасыз ғой» дейміз қалжыңдап. Ал ол кісі болса «жеті жыл жыр еттім ғой, енді көңілім жайланды» дейді қуанып.
Шынында әу, дегенше құрылысшылар «AINA CITY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кітапхананың шатырының жабындысын ауыстыруға кірісіпті. Аудандық Мәдениет бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелеевтің айтуынша, жобада қаралмаған шатырдың балка ағаштарын да серіктестік аз есебінен ауыстырып, азаматтық жасапты.
Жалпы жобалық сметалық құны 28 миллион 443,7 мың тұратын кітапхананың күрделі жөндеуі Жеңіс мерекесінің 75 жылдығы қарсаңында басталып, бар -жоғы екі айда бітіп тұр.
Осы балаларға қуаныш сыйлайтын кітапхананың жөндеу жұмыстарымен танысуға барғанда, кітапхананың көз тартып тұрған, бітіп тұрған келбетін көріп, құрылысшыларға дән риза болдық. Бірі іргетасын әрлеп жатса, бірі айналасын тазалап жүр, бірі алдындағы бручатка өрнектасын төсеп жатса, бірі көріктендірумен айналысып, бәрі қарбалас. Тек (суретте) Жолдас Омаров деген азаматпен сөйлесіп, басшылардың жоқ екенін, құрылысты айдың аяғында арнайы комиссия қабылдап алатынына көз жеткіздік.
— Шынын айту керек қой,- деді, аудан мәдениет бөлімінің меңгерушісі, кеше ғана өткен мемлекеттік қызметші күні аудан әкімі Мейірхан Азатұлының қолынан « Құрмет грамотасын» алған Жұмахан Жантелеев. – Олар жоспарда жоқ шатырдың ағаштарын жаңартып салды. Арнайы тапсырысымызбен ішінен бір бөлме жасақтап берді. Енді көріктендіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Жылу жүйесін жаңадан салды. Бір сөзбен айтқанда, кітапхана ине-жіптен шыққандай болып тұр.
Иә, көз алдымызда жасарып, жаңаша сәнге, күйге енген
балалар кітап-
ханасының бағы жанып, бірнеше жылдан кейін жаңаша түрге енді. Кітап- баға
жетпес байлық, көздің қарашағындай сақтайтын құндылық. Осында білім нәрімен
сусындаған түлектеріміз, елінің ертеңін ойлайтын азамат болып өссе дейміз.
Ал құрылысшыларға «істерің дәйім осылай оңға баса берсін» демекпіз.
Ләззат Серікбай,
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы