ҮЛГІ ТҰТАР ІЗГІЛІК
Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған
коронавирус пандемиясы кезінде қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты біздің
мемлекетімізде де айтарлықтай қиындықтар орын алуда. Осыған байланысты көптеген
жұмыс орындары уақытша карантинге жабылып, жұмыссыздар саны артты.Базарлар
жабылып, түрлі кәсіпкерлікпен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдері
,басқа да сала қызметкерлері уақытша табыс көзінен айырылуға мәжбүр болды.
Осындай туындаған қиындықтарды еңсеруге,
жұмыссыз қалғандарды, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көпбалалы жанұяларды
қолдау мақсатында мемлекетіміз көмекке зәру әр адамға үстіміздегі жылдың 1
сәуірінен бастап, 42500 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындағаны баршаға аян.
Мұндай көмектен біздің ауданымыздың тұрғындары да қалыс қалған жоқ. Сондай-ақ
«Нұр Отан» партиясы да өз кезегінде көмек қолын созып, бірінші топтағы мүгедек
жандар мен қараусыз қалған қарияларға қаржылай, азық-түлікпен қамтамасыз етуде.
Иә, төтенше жағдай кезінде адамдардың өмір сүру дағдысы басқа арнаға бұрылғандығын бәріміз де бастан кешіріп отырмыз және қалыптасқан режимге мойынұсынуымыз қажеттігін де түсінуге тиіспіз. Алайда, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы, адамгершілік қасиеттері айқындалатын осындай баршаның басына сын сәті түскенде кімнің кім екені де белгілі болып қалатыны айқын. Көрші көршінің жайын біліп, туысқан- бауырлар бір-біріне демеу болар кез де осы! Арамызда денсаулығы сыр берген жалғызілікті қариялар мен жаутаңдап көмек күткен мүгедек жандар қаншама! Әйтсе де мұндайды көрсе де көрмеуге тырысып, өз басының қамымен,болмасқа бас қатырып ,дүниенің , байлықтың қызығын қуып кеткендер әлдеқайда көп.Осындай алмағайып заманда қайырымдылық көрсеткен бір жанды көрсек шәпкімізді аспанға лақтыра қуанатын, біз журналистер қауымы, оны көпшілікке үлгі етуге асығатынымыз белгілі.
«Әлемді қайырымдылық құтқарады» деп тегін айтылмаған. Қайырымдылық өлсе, мейірімділік жоқ болса өмір де тоқтайды. Сондықтан да ауданымызда , біз жүрген ортада қайырымды жандар көп болса екен дейміз. Осындай азаматтардың бірі « Меркі ірімшік зауытының» директоры Дастан Айтүленов мырза (суретте ортада). Өзінің сапалы сүт өнімдерімен республикаға аты әйгілі зауыт төтенше жағдай кезінде бір сәт те жұмысын тоқтатқан жоқ. Меркіліктерді дәмді ірімшік, құнарлы сары майымен, айран-қаймағымен, дәмді құртымен және басқа да тіл үйіретін өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған зауыт ұжымы ел алғысына бөленуде. Өзінің міндетті жұмысына қосымша көп жылдардан бері қайырымдылықпен де айналысып, аудан , облыс көлемінде өткен іс-шараларға демеушілік жасап келе жатқан Дастан Айтүленов бұл жолы да қалыс қалған жоқ. Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап зауыт жұмысшыларына азық-түлік пакеттерін үлестіріп, май, ұн, қант, макарон, күріш, ет, шай, сұйық май және тағы басқа қажетті заттармен қамтамасыз етуде. Осы үш айда жалпы сомасы 4 млн. 30100 теңгеге азық-түлік заттай көмегін алған зауыттық 121 жұмысшы басшыларына дән риза.
— Айлық жалақымызға қосымша осындай көмек алғанымыз отбасымыз үшін үлкен демеу болды, азық-түліктен еш қысылған жоқпыз, — дейді сатушы Ж.Жұмазова.
Ендеше, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл қиындық та кетер, бірақ жайшылықта көзге көрінбейтін жақсы – жаман дүние мұндай сәттерде әр адамның көкейінде қалар. Осындай сәттерде қолдан келсе қайырымдылық жасайық, ағайын.
Мейіркүл Әбжанқызы,
«Меркі Ақиқат»