БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Осындай тақырыппен аудандық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған аудандық өнер байқауы, өткен аптаның сәрсенбісі күні көрермендердің көңілін көкке көтергендей болып өтті.
Шынын айтқанда, «осындай өнер байқауы өтеді» деп шақырту алғанда , «бұл не өнер байқауы» деп ойланып, таң қалғанымызды жасыра алмаймыз. Он екі үміткер, он екі мүмкіндігі шектеулі болса да талант, анша-мұнша он екі мүшесі сау жандардың, бүлдіршіндердің қолынан келмейтін керемет өнер көрсетті, көпшіліктің көңілінен шықты, таңырқатты деп бірден дөп басып айта аламыз.
Байқаудың мақсаты мен өнер жұлдыздарының шамасын сараптайтын қазылар алқасымен таныстырған жүргізушілер алғашқы кезекті Өксікбай Дамирге берді. Ұлттық киім киген шынашақтай ғана бала жігерлі «Мен қазақпын» әнін нақышына келтіре орындап, көптің ризалығына , дуылдата соққан қол шапалағына , қошеметіне ие болды.
Ал, қоларбасына нық отырып алған Рақымбай Нұрдәулет болса, Ескендір Хасанғалиев ағамыздың, еліміздің ұранындай болып кеткен «Атамекен» әнін аспандатты. «Менің мүмкіндігім шектеулі, қалай болар екен» деген қобалжуы жоқ Нұрдәулет өзіне-өзі сенімді екенін көрсетті.
Ботақандай Абуева Риана сахнаға әрең қадам басып шықса да, кәдімгі бишілердей сахнада айбат өнер көрсетті. Музыка ырғағымен бар тұлабойымен еліте билеп, көпке керемет шапалақ ұрып демегені үшін иіле рахметін де жаудырды.
Сол сияқты өз кезегімен сахна төріне шыққан Әзімхан Жанерке « Балдай тәтті балалық шақ» деген өлеңді тебіренте орындады.
Байқаудың өзі «Бақытты балалық шақ» аталғандықтан ба, бұл өлең бізді де со-о-н-а-а-у балалық шаққа жетеледі. Мұңсыз, уайымсыз шат күлкі сыйлаған, дос құрбымен алаңсыз ойнаған пәк көңілге, ақ ниетке, ананың алақанының ыстығын, әкенің жан шуағын мейірін сезінген бақытты балалық шаққа не жетсін, шіркін?!
Міне, Жанерке оқыған бұл өлең көпті осындай ойға жетеледі деген сенімдеміз.
Ал, қоларбамен «таксилетіп» сахнаға үлкендердің демеуімен шыққан Мурадов Кемал «Тұлпарым» деген әнге басты.
Ұлты басқа болса да «Менің жүйрік тұлпарым, қос қанатты сұңқарым, Ей, менің тұлпарым» дегенде Кемал сол қос қанатты тұлпарымен ұшып кетердей,шауып кетердей күйде болды. Сол себепті де жарысқа бастамашы болған демеушілер А.Рақымбаева, А.Рахымбаев, А.Абленовтар жетекшілік ететін «Жақсылық жаса» — «Твори добро –Мерке» қайырымдылық қорының бір топ мүшелері орындарынан тұрып қол шапалақтап құрмет көрсетті.
Сөз реті келгенде «Твори добро-Мерке» қайырымдылық қоры Мақтаралда болған су тасқынынан зардап шеккендерге арнайы көлікпен көмек жіберіп, елде дендеген вирусқа байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалалы отбастарына азық-түлік таратып азаматтықтың үлкен үлгісін көрсетіпті.
Осындай игі істерге бастамашы болып жүрген өрімдей жастарға шынайы алғысымызды айтып, «Твори добро» қайырымдылық қорына « Твори чудеса и дальше» дегіміз келеді.
Жүргізушілер ілтипатпен сахнаға шақырған Болатбек Арнұр музыканың демеуінсіз, «Өлшеулі өмір сүреміз өлместей» деп кезінде Аяз Бетпаев « Өлмесе аталар қайда, бабалар қайда, ақ жаулықты аналар қайда?!» деп домбырамен жырлағандай Арнұр өлшеулі өмірдің мезеттерін әніне қосты, қоларбасымен көрермендермен қимай қоштасып, сахна төрінен түсті.
«Бұлқынды жүрек бұлқынды, тұлпарлар көкке ұмтылды, аңсады жүрек аңсады, арманға толы бұл күнді» деп көпшілікті тәнті еткен Бекасыл Нұрасыл жігерлі әнімен ерекшеленді. Жоғарыда айтқандай «бұл қандай өнер байқауы, аяқ алысын байқап көрейікші деген» басымыз дене кемістігі, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың өнерін тастап кете алмай, қимай аяғына дейін құлағымыздың құрышын қандырып, бір сусап қалған көңілімізді демдедік.
Балдыбай Сания «Ертегілер әнін»
елжіретсе, Талғатұлы Ринат «Балалық шақ»
әнін балбыратты, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей байқаудың
шымылдығы жабылар сәт жақындаған сайын өнерлілер ширыға, кемелдене бастағандай
көрінді. Оған дәлел Бейсен Мархабаттың
« Көңілді күн» әні дәлел. «Бүгін қандай тамаша, көңілді күн, сені
қуанышты күніңмен құттықтаймын, бақытты бол,жан досым» деп тебіренте шырқауы дәл осы күнді, осы
байқауды , осы мезетті меңзеп, дөп басып тұрғандай.
Сол сияқты қос балдақты Қойшыбай
Айым орындаған «Анашым» әні де, Мұхтар-
ова Іңкәр тартулаған «Айналдым ана» деген әндер залда отырғандардың еріксіз
жанарларына жас ұялатты.
Мынадай ұйымдастырушылықты
өнерпаздардың өнерін көріп, оларды дайындаған ұстазларға,
ата-аналарға шынайы ризалығымызды білдірмеске амал жоқ. Өйткені бәрі-бәрі
көңілді толқытатындай, жүрегіңізді еріксіз егілтетіндей, орындалған, сахнада
шырқалған әндердің өзі тақырыбы жағынан
да көңілді босататындай, ой салатындай болуымен дараланды. Бізге салса
«пәленшесінші, түгеншесінші» орын демей-ақ бәріне бас бәйгені бере салса
болардай еді.
Солай десе де, байқаудың аты байқау, «жүзден жүйрік мыңнан тұлпар» дегендей акапелла әнін салған Болатбек Арнұр бірінші орынды алып, арнайы бағалы сыйлықты да иеленді.
Екі екінші орынды «Көңілді күн» әнін орындаған Бейсен Мархабат және «Атамекенді» аспандатқан Рақымбай Нұрдәулет иеленді. Екі үшінші орынды жалғыз, мың бұрала билеген қыз Абуева Риана және Мұхтарова Іңкәр лайық деп табылып, өзара бөлісті. Оларға да жоғарыдағыдай сый-марапат көрсетілді.
Барлық қатысушылар дипломдар мен әсем аю-қонжықтарға ие болды.
Байқауды аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым қорытындылап «Жақсылық жаса» қайырымдылық қоры мүшелеріне аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыс етті .
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбай осындай керемет өнер сайысын ұйымдастырғандарға да , ата-аналарға да, сахнаны әнмен өрнектеген «Меркі әуендері» әншілеріне де мың алғысын айтып, ақ батасын беріп, бар жақсылық Алладан қайтсын деген шынайы тілегін білдірді.
Мейіркүл Әбжанқызы,
«Меркі Ақиқат»