ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Жиынның күн тәртібінде жер қатынастары саласында атқарылған жұмыстар және аудан аумағындағы қызыл сызық талаптарының сақталуы мен заңсыз құрылыс нысандарына қатысты мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2026 жылдың 8 айында игерілмеген 6 354 гектар жер қайта айналымға енгізіліп, жоспар 158 пайызға орындалған. Сондай-ақ 184 гектар егістік жер қайта айналымға енгізіліп, қосымша 327 гектар жерді айналымға қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 8 жер учаскесі аукцион арқылы сатылып, тағы 10 учаскені аукционға шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әлібек Айбасов баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, тұрғындар мен кәсіпкерлерге құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу барысында бірқатар нысандарда сәулет және қала құрылысы талаптарының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, Сарымолдаев ауылындағы «Қуырылған балық» сауда дүңгіршегінің қызыл сызықтан 2 метр ауытқып орналасқаны белгілі болған. Нысан иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дүңгіршекті бір ай мерзімде алып тастау туралы шешім қабылданған.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі жер қатынастары саласында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды қайта айналымға енгізу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар аукционға шығарылатын жер учаскелерін дайындау жұмыстарын жеделдетіп, жерді тиімді пайдалануға бақылауды күшейтуді міндеттеді.
Сәулет және құрылыс саласы бойынша аудан аумағындағы қызыл сызық талаптарының сақталуына бақылауды күшейтіп, заңсыз және талапқа сай орналаспай тұрған нысандар бойынша заң аясында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Анықталған кемшіліктердің белгіленген мерзімде жойылуын қамтамасыз етіп, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды жүктеді.

















