БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУҒА БОЛМАЙДЫ!
«Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы дана, кемеңгер Абай айтқандай, бала – адамның бауыр еті, өмірінің жалғасы, көрер қызығы, артына қалдырар ұрпағы. Дүниеге келген әрбір адам өзінің соңынан саналы ұрпақ қалдыруға талпынады, өмірінің елеулі кезеңдерін бала тәрбиесіне арнап өткізеді.
2002 жылы Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) жұртшылықтың хабардарлығын көтеру және бала еңбегі мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатында 12 маусымды Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын. Елімізде де бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
№1 жалпы білім беретін мектепте 1-12 маусым аралығында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүйелі түрде өткізілді. Аталмыш шаралар онлайын форматта әрбір сыныптар арасында жеке-жеке өткізілді. Атап айтсақ, 1-4 сыныптар арасында сурет байқаулары өтсе, 5-7-сыныптар «Бала еңбегін қанауға қарсымыз!» акциясы ұйымдастырылды. Ал, 8-сыныптар арасында “Бала еңбегін қанау – қатігез шындық” семинар-тренинг өткізілсе, 9-сыныптар арасында эссе байқауы ұйымдастырылды. Ал, 10-сыныптар арасында «Адам саудасы құрбаны болудан қалай сақтануға болады» атты жиналыс өткізілді. «Зорлық — зомбылықсыз балалық шақ!», «Жаз айындағы қауіпсіздік» бақытты балалық шақты насихаттау мақсатында ата-аналар чаттарына, әлеуметтік желілерге видео роликтер салынды.
Әр оқушы өзінің құқығын білуі маңызды. Бұғанасы қатпаған бала еңбек етіп, күн көрмеуі керек, керісінше балалық шағында мектепте берілетін біліммен еркін сусындағаны жөн. Іс-шаралар аясында баланың құқықтары туралы әртүрлі түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бала құқығы туралы оқушыларға және ата – аналарға жан-жақты мәлімет берілді. Кәмелетке толмағандардың жеке бас қауіпсіздігі мен олардың еңбегін ересектер пайдаланбас үшін түнгі сағат 23:00-ден кейін балалардың көшеге жалғыз шығуына, ал сағат 22.00-ден кейін көңіл көтеру орындарында болуына тыйым салынған. Оқушыларды заңсыз көлік жуу, көлік жөндеу орындарында, мейрамханаларда кәмелетке толмағандардың қызмет атқаруының алдын алу мақсатында мейрамханалар, көліктік қызметтер орталықтарына, егістіктерге рейд жүргізілді. Рейд барысында мейрамхана әкімшілігі, көлікке қызмет көрсету орталықтарының әкімшілігіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қиын топтағы оқушылардың тұрғын-үй жайларын қарау, актілеу, ата-аналары мен заңды өкілдерімен байланыс жасап, кәмелетке толмағанның бос уақытын, жазғы мезгілдегі демалысын қамтамасыз ету, жазғы мезгілде уақытша жұмыспен қамтылған кәмелетке толмағандардың еңбек құқығының сақталуына бақылау жасау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Әйгілі шығыс ғұламасы Жүсіп Хас Хаджиб Баласағұнның «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» деген қанатты сөзін ұстанған мектебіміз әр бала бойындағы бұғып жатқан талантты байқау, оны дамыту, оқыту арқылы тәрбиелеу жолында барын салуда. Әр кез сәбилер жыламасын, аспанымыз ашық болсын деп тілейік!
А.Таукебаева,
№1 ЖББМ директордың құқықтық тәрбие ісінің орынбасары