БАРДЫ БАҒАЛАЙТЫН, ЖОҚТЫ ТҮГЕНДЕЙТІН КЕЗ КЕЛДІ

0
1004

Еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басып,  өркениетті отыз елдің ендігіне ену жолында қарышты қадам жасап келеді.  Өскелең  елдер қатарына еніп,  әлемдік ареналарда өз лайықты орнымызды иеленіп,  Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО-ға мүше елдердің қатарында Көк Туымызды желбіреттік,  ғаламды таңдандырып ЭКСПО көрмесін өткіздік,  көк аспанға  KASSAT ғарыш кемесін самғаттық.  Азғана уақытта бір ғасырда атқарылатын шаруа іске асып,  ел жүрегі Нұр-Сұлтан атты Астанамыз Ұлы даламызда шамшырағын жарқыратты.

Елбасының көрегендігінің арқасында ел билігін білгір,  тәжірибелі дипломат,  саясаткер Қасым- Жомарт Кемелұлы қолға алды.  «Болашаққа бағдар:  Рухани жаңғыру»,  «100 нақты қадам» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық еңбектерде көрсетілген мәңгілік ел ұстанымы нық сеніммен алға қадымдап келеді. 

Бабаларымыздың «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегені сияқты,  Мемлекет басшысы жастарды,  баршаны Ұлы ойшылдарымыз,  әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын,  Ұлы даланың ұлы перзенті,  ұлы тұлғасы,  адамзаттың Абайының 175 жылдығын атап өту туралы шешім қабылдап,  арнайы Жарлық та шығарды.

Бұл шешім қазақ даласын дүр сілкіндіріп,  қалғып-мүлгіп,  ұйықтап отырғандарды ұйқысынан оятты,  жан-жағына қаратты,  санасына қозғау салды десек қателеспеспіз.  Өйткені  Ел Президенті бас болып,  Ләйлім  атты қыздың Абай атасының өлеңін тебіренте оқуы,  оған Қасым-Жомарт Кемелұлы шынайы көңілмен жауап  беріп,  бүкілхалықтың челлендж- Баба еңбектерінің қорытылған алтындай түйінді ойып көпке жеткізіп,  тіптен оған шетелдік тұлғаларға дейін  үн қосуы,  Бабамыздың туған жерінде өркенді істер қолға алынуы әр адамды кемелдікке шақырды.

Біз де осы қозғалыстан кейін Абай атамыздың еңбектерін, кітаптарын, «Абай жолын» қайта қолға алдық.  «Өлең сөздің патшасы» деп аталатын,  35 баспа табақтан асатын кітабын бірнеше рет ақтардық.  Қырық бес қара сөзін  осыншама рет болмаса да бірнеше рет қайталап оқыдық.  Оқыдық та ұлы жазушы ағамыз  Мұхтар Әуезовтің «Абай деген терең  теңіз,  алып мұхит.  Абайды таныған сайын,  оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек,  сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» дегеніне өзіміз де көз жеткіздік.

Көз жеткіздік те өзгелер де осы біздің «ауруымызбен» ауырсын деп «Меркі Ақиқат» деген газетімізге Жарлық шыққан мезеттен,  өткен жылдан бастап «Адамзаттың Абайы» деп айдар тағып,  ғұлама бабамыздың  өзі «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп аһ ұрғаны сияқты,  жастарымыз да кейіннен сан соғып қалмасын деп өлеңдерін де,  қара сөздерін де рет-ретімен беріп келеміз.

Менің өз басымның «ауруының» түп қазығы Шымкенттік аса қадірлеп сыйлайтын журналист,  жазушы Мархабат  Байғұт ағаның,  шағын ғана, кезінде  «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып,  одан күнтізбе-календарьдың үлкендігіндей ғана болып шыққан «Бес асыл іс» деген,  сараптамалық,  үлкен толғаныстан туған кітапшасы болды.

«Абайды оқы,  таңырқадан»,  «Абайды оқы,  орында» дегенге көшер кез келді» деп қалам сілтеген ҚР еңбегі  сіңген қызметкер бес асылыңды талап,  еңбек,  терең ой,  қанағат,  рақымды бес саусағындай санамалап,  сынамалап,  санаңызға сары алтындай етіп сіңіреді.  Ал адамзаттың қас жауы бес дұшпанды,  өсек,  өтірік,  мақтаншақ,  еріншек пен бекер мал шашапақты кеудедегі қатып қалған перішті-керішті уатқандай етіп,  өзі «бес дұшпаныңызды аздап-аздап «азаптадық» дегеніндей,  бес дұшпанды білмегендерді,  елемегендерді,  бес дұшпанымен кескілеспегендерді де,  күреспегендерді,  содан бойын аулақ ұстағысы келмегендерді де азапқа салады,  еріксіз ойландырады.

Жоғарыда  Мұхтар  Әуезов ағамыз айтқандай осы кітапшаны қанша рет оқығанымды,  қанша рет оның көмегіне жүгінгенімді,  қанша рет тереңіне сүңгігенімді білмеймін.  Мен де өзімді бетінде емес,  жай ғана Абай әлемінің, Абай тұңғиының шетінде жүргендей сезінемін.

Адамзаттың Абайын,  өз дәуірінің алыбын зерттеп жүрген аяулы Мекемтас Мырзахметов ағамыз  «Жантану дегеніміз- түп Иені тану» ал түп иені Абай арқылы тани алатынымызды шегелеп айтады.

Кезінде алты Алаштың  айбында ұлы, рухани  көсемі атанған Ахмет Байтұрсынов өзге жұрттардан кем болмау үшін үш нәрсені- білім,  байлық пен күшті атапты.  «Білімді болу үшін оқу керек,  бай болу үшін кәсіп керек,  күшті болу үшін бірлік керек « депті.  Абай атамыз да дүйім жұртты бірлікке,  ынтымаққа шақырды.  Керенаулық,  жалқаулық,  самарқаулық,  күншілдік,  дейсіз бе,  адам бойындағы барша кемшілікпен күресіп,  «мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» дейді.

Батық Мәжитұлы өзінің «Ұлы ақынмен сырласу» деген өлеңінде «О,  ұлы ақын!  Өзіңмен сырласайын,  жүрек шөлін өлеңмен бір басайын,  алтын қалам қайда екен Сіз ұстаған,  ақ мәрмәрға оюлап жыр қашайын» дейді.

Шіркін,  деймін мен де өзіме өзім «Толық адам» болу үшін,  нағыз адам болу үшін, дүниеге адам болып келіп,  адам болып қалу үшін Абай бабамыздың  шығармашылығына терең үңілуіміз,  терең байлауымыз керек екен ғой.  Ұлы бабамыз айтқандай «неге қолды кеш сермейміз»,  неге үнемі  кешігіп  жүреміз,  сөйтіп неге саусағымызды тістелейміз,  санымызды сан рет соғамыз,  неге,  неге деген сұрақтар алдымыздан көлденеңдеп неге шыға береді ?!

Қазіргі дерттің,  аурудың ең үлкені жастарымыздың ұялы телефонды күндіз-түні қолынан тастамауы.  Рас,  цифрландыру,  жаңа заман талабына бой ұсынуымыз керек-ақ.  Жастарымызды кітап оқымайды деп кінәлаймыз.  Бәрі деп бәріне бірдей күйе жаға беру дұрыс емес шығар.  Солай десе де «Абай бабамызды оқып,  содан өз орнымызды бағамдап,  оның жетістігі болса әрі қарай биіктетіп,  олқылығы болса орнын толтырып,  ұлы ойшыл ғұламаның айтқанын орындасақ одан ұтылмаспыз, қасірет шекпеспіз.  Жастарымыз имандылыққа  бет бұрса,  бабалар мұрасын қастерлесе, салт-дәстүрімізді бойына сіңірсе,  ертеңіміз нұрлы боларына шүбә қалмас.

Ендеше Абайды оқып,  барды бағалап,  қадіріне жетіп,  жоғымызды түгендейтін мезет жеті-ау ағайын!  Қайтсек қартайып қайғы ойламаймыз, қайтсек арманымыз ұлғаймайды, қайтсек кейінгі жас балалардың ертеңінен  қорықпаймыз ?! Сіз не дейсіз ? 

Серік Құралбай,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Comments are closed.

Другие новости