Журналистік кәсіп дегенде күтпеген жағдайлар, тосын кездесулер жиі болып тұрады. Өткен аптада ауданымызда облыстық «Егінжай -2020» дала семинары болып өткені баршаға белгілі.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев
бастаған семинарға қатысушылар Ақаралдағы «Гүлдер» бақ өсіретін шаруа
қожалығының да жұмысымен таныс-
ты. Бір қызықтысы біраз бұрын жолығып, сөйлесіп, газеттің арнайы бетіне
материал дайындап жатқан кейіпкерім Анастасия Бондарь қонақтарды қарсы алып,
шаруа қожалықтың жұмысымен таныстырып, өзін ГИД ретінде де жарнамалап, ақын
Мақсұт Неталиевтің «Қазақ тілім –айбыным» атты өлеңін нақышына, мәнеріне
келтіре, актерлік шеберлігін де көрсете орындап, барша жиналғандарды, әсіресе
ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлын таңқалдырды.
Мұндай өнерге тәнті болған аймақ басшысы Анастасия қыздың қолынан дәм татып ,
шынайы ризалығын білдірді.
Ал Анастасия болса 6-сыныпты үздік бітіріп, қыздар лицейіне түсу үшін тест тапсырып, одан өтіп, бөлінген квотаға байланысты Павлодарда дарынды қыз балаларға арналған лицейде 10 сыныпта оқып жүр екен. Орыс, ағылшын тілдерін меңгерген Настя қызымыз қазақ тілінде еш мүлтіксіз сөйлеп, судай ағып тұр.
-Настяның өзінің қазақ тіліне деген қызығушылығы болған соң, отбасымызды түгел қазақша үйреттім. Өзім кезінде Жамбыл колхозында тұрғам. Сондықтан қазақ тілін таза білемін, -дейді Анастасияның анасы Олеся Бондарь.
— Бізді шынымен анамыз қазақ тіліне баулыды. Кәзір әкем Александр да қазақша жақсы сөйлейді, мамамның арқасында. Кезінде екі –ақ «Алма және Көшет» деген сөз білетін, әкем, енді қазақтың өзін жаңылыстырады -дейді Настя.
Иә, мемлекеттік тілді өз тіліндей сүйген, меңгерген Анастасия қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып облыста бірінші орын, республикада үшінші орынды иеленіпті.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан қыз Павлодар қаласындағы конкурс байқауларға қатысып, алдына жан салмаса, Қазақстан Білім олимпиадасында 2018-жылы республикада III –орын, «Жарқын болашақ» байқауында бірінші орын, ағылшын тілінен, алгебра, геометрия, химия, биология, физика, информатика, робототехника деген сабақтардан үздік шығып, «Білім инновация» лицейі парламенттінің мүшесі Ақпарат Министрі, сол сияқты «ЮНЕСКО» еріктілер клубының мүшесі, арнайы берілген паспорт пен төсбелгінің иегері.
— Лицейімізде 300 –дей, шәкірт
бар. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Дирек-
торымыз Эльмира Бекмахамбетқызы өте дарынды адам. Мен қазақ тілінен Павлодар
облысында екі рет алдынғы абсолютті орынды, сол
сияқты бір мезгілде, бір күнде, бүкіл Қазақстанда қазақ тілінен өтетін сынға
Павлодардан қатысып, бірінші жылы екі абсолютті орынды, екінші жылы үш
абсолютті орынды иелендім. Алда жоспарларым көп, -дейді, футболды, баскетбол
ойнағанды, қыста шаңғы тебуді жақсы көретін Настя қызымыз.
Иә, «Ұяда не көрсең, соны ілесің» деген қанатты сөз бар. 30 гектарға жуық алма бақ егіп, сол сияқты жылына «Стар Кримсон», «Айдарет», «Золотой Превосходный» қара өрік сияқты жеміс ағаштарын өсіретін «Гүлдер» шаруа қожалығында тағы бір гүл жайқалып өсіп, келешегінен үлкен үміт күттіріп, елдің көркін кіргізіп келеді.
Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»