Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Журналистер мерекесі атап өтілді
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсыруымен ҚР үкіметі 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп белгілеп, қаулы шығарды. Бұл күн бұрын байланысшылармен бірге мерекеленетін. Енді журналистер, баспагерлер күні өзінше атап өтілетіндігін бұл саланың маңызы, мәні арта түсуімен деп түсінген жөн.
Біздің ауданда екі газет шығады. Екеуі де меркіліктердің өмірін, болып жатқан жаңалықтарды мүмкіндігінше кеңінен қамтып, оқырмандарына жеткізуге атсалысып келеді. Өткен жұмада аудандық әкімдікте аудан әкімі М.Өмірбек «Меркі Ақиқат» және «Меркі тынысы» газеттері редакциялары ұжымдарымен кездесіп, оларды төл мерекелеріміз шын жүректен құттықтап, ізгі лебіздерін білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Екі газетке де бірдей ұстаным ұсталып, бірдей қолдау көрсетілетінін атап өткен Мейірхан Азатұлы барлық салалардай баспасөз де ерекше кезеңді бастап өткеруде екеніне тоқтала кетті. Айтайық, сонау кеңес дәуірі кезеңінде газет-журналдарға жазылуда соншалық проблема болмайтын. Енді мұнда оқырмандарды қамтуда едәуір қиындықтар бар.
Ғаламторда, әлеуметтік желілерде ақпарат тасқыны: түрлі хабар, жаңалықтар сәт сайын көптен беріліп жатқанда, әр үйде теледидар қаншама арналарда қалағаныңды көрсетіп тұрғанда бәз бір азаматтар, әсіресе жастар газет-журнал жаздырып алуды артық санайды. Дегенмен аудандық газет арқылы өз туған жеріңдегі, ауданыңдағы жағдайды жақсы біліп, жаңалықтарымен хабардар болып отырсаң әлем, республика бойынша болып жатқан оқиғаларға, өзгерістерге өз еліңнің патриоты ретінде баға бере аласың. Осыған орай өзекті мәселелерді кеңінен қамтып, ел елең етер мазмұнды, шынайы, қызықты материалдар жазып жариялау – қай салада болмасын жаңғырудың жаршысы, жақсы істердің жанашары болып жүрген журналистер үшін үлкен парыз.
Іс-шара барысында ақын Шырын Мамасерікова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, «Меркі Ақиқат» газетінің бас редакторы Серік Құралбай, «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әтіркүл Исаева, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрила Қойшыманова журналистерді, әріптестерін құттықтап, өз ойларын ортаға салды.
Ал пікір алысып, қозғар мәселелер аз емес. С.Құралбай мысал келтіріп, айта кеткендей, цифрлы экономика, ғаламтор, оның түрлі желілері мықтап дамыған жапонияда газеттің орны, бағалануы екі рет басылып, миллиондаған таралым мен өз оқырманын көбейтіп, қажеттілігін өсіру үшін бізде әлі көп жұмыс атқару керек. Қ.Иманалиев елеулі еңбек адамдарын ашып көрсету керек деді. Т.Рысқұлов ауданы мерейін көтеріп, дәріптеп айтып жазып жатқан Еңбек Ері Мейрамбай Дөненбаев сияқты азаматтар бізде де бар. Сіңірген еңбегін бүкіл аудан, облыс, република таныған сыпатайлық Қанат Шайхиевтің өзі неге тұрады.
Кездесуде марапаттау рәсімі де іс-шара мерейін көтере түсті. Атап айтқанда аудан әкімі «Меркі Ақиқат» газетінің операторы Максим Коваль мен «Меркі тынысы» газеті редакторының орынбасары Назира Жолдасбекованы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, «Меркі Ақиқат» газетінің операторы Ұлғайша Серікбай мен «Меркі тынысы» газетінің тілшісі Ольга Мазурды «Алғыс хатпен» марапаттап, екі газет редакциясына бір-бір принтер табыс етті. Аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев аудандық газеттер редакторлары С.Құралбай мен Ә.Исаеваға картиналар сыйлап, құттықтап, осынау есте қалар ерекше күнде баспасөз өкілдеріне құрмет көрсетуден шет қалмағанына да бек ризамыз.
Бұқаралық ақпарат құралдарын билік пен халық арасындағы алтын көпір, тіпті төртінші билік деп бұрыннан бағасы беріліп қойылған. Бағалаған, құрмет көрсеткен елге рахмет. Мереке қарсаңында, мереке күні журналистерге ізгі лебіздерін білдіріп, қуанышымызға ортақтасқан жанашырларымыз, мекеме-ұйымдар көп болды. Ұжымымызға арнайы ат басын бұрып, сот төрелігін, құқық қорғау органынынң қалың бұқарамен байланысын насихаттап, дәнекер болуға белсене атсалысқандары үшін аудандық сот төрағасы Д.Тасыбаев С.Құралбайға, тілшіміз М.Әбжановаға,фототілшіміз Е.Жасыбаевқа, маған да «Алғыс хатын» тапсырып, құттықтап, ең игі тілегін жеткізуі – бүгінгі алмағайып заманда баспасөздін рөлін түсінгені деп білеміз.
Сол сияқты жерлесіміз, Қарағанды облыссы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбековтің, республикалық «Жас Алаш» газеті редакциясынан Ринат Рахымовтын жүрекжарды сәкем, ілтипаттары меркілік журналистерді бей-жай қалдырмағаны сөзсіз.
Газет ұжымына көрсетілген құрмет, тілек біздің жігерімізге жігер қосып, аудан экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге бұдан да былай белсене атсалысуға жұмылдыра бермек.
Бақтыбай Абай.
Еркін Жасыбаев (суреттер)
«Меркі Ақиқат»