САЗ ӨНЕРІНІҢ ДҮЛДҮЛІ

0
2305

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүнгенбай Ботбаев өзі дүниеден озғанша «Мен меркілікпін, Ботбайдың ұрпағымын» – деп, өткен екен. Оның әкесі Ботбай бала кезінен тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған жерінен, ағайын-туыстарынан жырақта өсіпті. Дүнгенбайдың өз сөзімен айтатын болсақ, оның әкесі Ботбай жастайынан жетім қалып, байға жалданып, малын бағады екен. Бай сансыз малының ішінде ақ тайлағын ерекше жақсы көріпті. Ботбай болса осы ақ тайлаққа бір мінуді көптен бері армандап жүрген. Бірде соның сәті түсіп, ақ тайлаққа мініп, ары-бері желе жортып мауқын басқандай болады. Ботбайдың бұл әрекетін көріп қойған бай кешкісін Ботбайды жігіттеріне ұстатып, төрт мүшесін төрт жаққа қазыққа керіп байлап, етпетінен жатқызады да, денесін итмұрынмен жаптырып, үстінен бір отар қой айдатады. Алайда, ықшам денелі Ботбай байдың бұл жазасынан аман қалады. Осы кездерде араша түспеген ағайындарына ренжіген Ботбай ыңғайын тауып, қашып шығып, қырғыз асады. Меркіден 100 шақырымдай қашықтықтағы Соқылық елді мекенінде тұратын қырғыз байына жалданып, малын бағып, күнін көреді. Осында ержетіп, тұрмысын түзеген соң еліне оралып, үйленеді.
«Ол дүниеге келгенде есімін әкесі өзінің Соқылықтағы дүнген досы Шодыздың құрметіне Дүнгенбай қойыпты» – деп, жазады әріптесі, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы Бақыт Тұрмағамбетова Дүнгенбай туралы жазған мақаласында.
Дүнгенбай Ботбаев 1925 жылы 10 қаңтарда дүниеге келген. Ол алты жасқа толғанда әкесі Ботбайдың өкпесіне суық тиіп, сол кеселден қайтыс болады. Жесір қалған анасы бұрынғының жолымен, әменгерлікпен әкесінің інісі Шотаймен бас қосады.
Шотай өнерге жақын адам еді. Домбырамен ән айтып, күй тартатын. Сол кездерде үнемі қасында жүретін Дүнгенбай оның айтқан әндеріне құлақ салып, ыңылдап қосылып отыратын. Жеті жасқа толғанда «Прогресс» колхозындағы мектепке барады. Мұнда ол көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Домбыра тартып, ән айтады, пьесада басты рольдерде ойнайды. Сөйтіп жүріп ол көркемөнерпаздар үйірмесінің нағыз ұйымдастырушысы атанады. Сұрапыл соғыс жылдарында, ауыр еңбектің тауқыметін тартып жүрген ауыл адамдары Дүнгенбайдың ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының қойған концертін көріп, бір серпіліп қалатын.
Дүнгенбай мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы №9 Теміржол училищесіне оқуға түседі. Мұнда да ол көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда өз өнерін ортаға салып жүреді. 1945 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық еңбекшілер арасындағы көркемөнерпаздар байқауына қатысады. Байқауда Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Шегенің термесін, «Молдабайдың әнін» домбырамен орындап, көзге түседі. Өнерпаздарды басқарып барған Б.Байқадамов Дүнгенбайдың бойындағы талантын байқап, музыкалық білім алу қажет екендігін айтады.
Біршама уақыттан соң, Мәскеуде өткен байқауға Қазақстан теміржолшыларының кәсіподағы атынан екінші мәрте қатысады. Дүнгенбайдың өнеріне риза болған атақты композитор Н.Тілендиев елге оралған соң, оның консерваторияның домбыра бөлімінің дайындық курсына, одан кейін негізгі курсқа оқуға түсуіне жәрдемдеседі.
Консерваторияның домбыра бөлімін тәмамдаған ол, жоғары білімді музыкант ретінде, Қазақ радиосының халық аспаптар оркестрі құрамында домбырашы, одан кейін Алматы музыка училищесінде ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Одан кейін Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында ұстаздық етті. Институттағы мектеп мұғалімдерін дайындайтын музыкалық бөлім 1967-1968 оқу жылында өз алдына жеке факультет болып құрылған еді. Осы кездерде Дүнгенбай Ботбаев білікті, білімді маман ретінде факультет беделін көтеруге, шәкірт даярлауда айтарлықтай еңбек етті. Кейін осы факультеттің деканы да болды.
Дүнгенбай Ботбаев екінші мәрте консерваторияның композиторлық бөліміне түсіп, оны да жақсы бітіріп шығады.
Композиторлық білім алған Дүнгенбай шәкірт тәрбиелей жүріп, шығармашылығын да қатар алып жүрді. Ол 1960-1970 жылдары спектакльдер мен кино саласында, симфониялық хорға арналған күрделі жанрларда еңбек етсе, 80-жылдары қазақтың ұлт аспаптар оркестріне арналған туындыларын жазды.
Әндерінің басым бөлігі А.Асылбеков, С.Жиенбаев, Қ.Ыдырысов, Н.Әлімқұлов, А.Дүйсенбиев секілді танымал ақындардың сөздеріне жазылған. Олардың арасында «Жетісу жері – жазира», «Таң арайы», «Жайлауда», «Отаным», «Елім бар», «Көктемім едің», «Еркетайым», «Жігіт сөзі» т.б. әндері бар. Сол сияқты, Кенен Әзірбаевтың сегіз әнін, Естайдың, Біржанның, Ыбырайдың әндерін, Сүгірдің «Тоғыз тарауын», Тәттімбеттің «Сары жайлауын», Ә. Желдібаевтың «Сыпатай батыр» күйлерін қазақтың ұлт аспаптар оркестріне лайықтап түсірді.
Композитор Дүнгенбай Ботбаев өз еңбегінің шыңы – М.Исақбай мен Н.Оразалиннің авторлығымен жазылған екі акт, сегіз көрініс-тен тұратын «Домалақ ана» операсын жазып, нағыз талант иесі екендігін байқатты. Операда қазақ еліне, оның ішінде, оңтүстік өңірлердің адамдарына есімі танымал Домалақ ана бейнесі арқылы аналар жүрегінің дархандылығы, ізгілікке толы адамгершілігі туралы баяндалған.
Дүнгенбай Ботбаев өзінің шығармашылық өмірінде 1 операға, 6 спектакльге, 2 киноға, 4 симфониялық оркестрге, 5 қазақтың ұлт аспаптар оркестріне, 4 эстрадалық және үрлемелі аспаптар оркестріне, 7 камералық аспаптарға, 4 вокалды-симфониялық шығармаларға, 5 аралас хорға, 14 камералық-вокалдық шығармаларға, 6 балаларға арналған шығармалардың музыкасы мен әндерін жазды.
Осындай еңбегінің арқасында ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Бектұрған Жамбабаев,
ардагер журналист

Comments are closed.

Другие новости