Өнерпаз болсаң – арқалан Республикалық байқау жүлдегерлері
№1 Қ. Жандарбеков атындағы балалар музыка мектебінде Жастар жылына орай мерекелік іс – шаралар ұйымдастырылып, үзбей өткізіліп тұрады. Облыстық, республикалық байқауларға да ұжымдағы барлық ұстаздар мен оқушылар үлкен дайындықпен белсене қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Жуырда Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Нұр-Сұлтанда өткен Республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылық байқауында өнер көрсеткен музыка мектебінің оқушысы Бақтыбек Кәусар I орынды иеленіп, ұстазы Оспанова Баян Темірбекқызы «Үздік ұстаз» дипломымен марапатталды.
Тараз қаласында өткен I Республикалық «Talents of Kazakhstan» өнер және білім байқауына Жамбыл облысы ғана емес, Қызылорда, Шымкент, Нұр-Сұлтаннан, Семейден келген бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары, білімгер өнерпаздар қатысты. Екі күнге созылған бұл байқау Тараз қаласындағы Ы. Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Үлкен сахнада өнер көрсеткен дарынды балалар әр түрлі вокал, би, көркем сөз, аспаптық жанр бойынша іріктелді. Аталмыш Қ. Жандарбеков атындағы №1 балалар музыка мектебінің үздік шәкірті Нәрікбай Еркебұлан «Аспапта орындау» жанры бойынша Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйін орындап, II орынды иеленсе, ұстазы, домбыра сыныбының мұғалімі Ғазиза Яхметқызы Мырзақова байқауға лауреат дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Туған жеріміздің абыройын асқақтатқан екі талантты өрен Республикалық байқауда арнайы сыйлықтар мен жүлделерге ие болып, өнердегі деңгейі басқа аудандармен салыстырғанда өте жоғары екенін көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
І Республикалық «Talents of Kazakhstan» өнер және білім байқауының ұйымдастырушысы, «UZDIK.KZ» орталығының басшысы Жанар Қорғанбекова оқушылар мен студенттерге өз ризашылығын білдіріп, барлық үздік өнерпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар және алғыс хаттарын табыс етті. Тараз қаласынан Меркі елінің өнерпаздары жүлделі жеңістермен оралды. Жетістіктеріңіз құтты болсын, жас өнерпаздар. Талабына шабыт қосып, үлкен белестерге жол ашқан шәкірттеріміз әрқашанда биікке самғай берсін!
Ж.Серікқызы,
штаттан тыс тілші