ЖЕКЕ МЕНШІК ПЕН КӘСІПКЕРЛІК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

0
6

Ел экономикасының дамуы азаматтардың бастамашылдығына, жеке кәсіпкерліктің өркендеуіне және меншік құқығының қорғалуына тығыз байланысты. Әр адамның өз ісін бастауға, мүлкін заңды мақсатта пайдалануға және экономикалық қызметке қатысуға мүмкіндігі болуы – тұрақты экономикалық ортаның маңызды шарттарының бірі.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бұл мәселелерге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, 8-бапта меншіктің барлық түрі танылатыны, оларға кепілдік берілетіні және тең қорғалатыны белгіленген. Бұл норма меншік қатынастарының құқықтық негізін айқындайды.

Сонымен қатар 29-бапта азаматтардың заңды түрде алған мүлкіне жеке меншік құқығы бекітілген. Меншікке және мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі. Ешкімді сот шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайтыны да нақты көрсетілген.

Аталған нормалардың күнделікті өмірдегі маңызы зор. Мысалы, азаматтың өз қаражатына алған үйі, жер учаскесі, көлігі немесе өзге де мүлкі заңмен қорғалатын құндылықтар қатарына жатады. Мұндай кепілдіктер азаматтардың мүліктік қатынастардағы құқықтық сенімділігін қалыптастыруға бағытталған.

Жаңа Конституцияның 29-бабының төртінші тармағында кәсіпкерлік қызмет бостандығына кепілдік берілген. Азаматтар өз мүлкін заңмен рұқсат етілген кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалана алады. Сонымен бірге жосықсыз бәсекеге жол берілмейтіні және монополистік қызметтің заңмен реттелетіні көрсетілген.

Бұл қағидаттардың шағын және орта бизнес үшін маңызы ерекше. Өйткені кәсіпкерлік бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тауарлар мен қызметтер сапасының артуына, жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді.

Ауылдық жерлерде де кәсіпкерлікті дамытуға кең мүмкіндік бар. Өндіріс, қызмет көрсету, сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу секілді бағыттар азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыра алады. Конституциялық кепілдіктер осы қызметтің құқықтық негізін қалыптастырады.

Әрине, Конституцияда бекітілген құқықтар заң талаптарын сақтау және өзге азаматтардың мүдделеріне құрметпен қарау қағидаттарымен қатар жүзеге асырылады. Меншік құқығы мен кәсіпкерлік еркіндігі қоғам алдындағы жауапкершіліктен бөлек қарастырылмайды.

Жаңа Ата Заңның экономикалық мазмұнына осылайша қарау қажет деп есептеймін. Ол азаматтардың бастамасын қолдауға, заңды меншік қатынастарын қорғауға және кәсіпкерлік қызметтің құқықтық негізін нығайтуға бағытталған. Бұл – ел экономикасының орнықты дамуы үшін маңызды алғышарт.

Comments are closed.