Жамбыл облысында полиция қызметіне цифрлық технологиялар енгізілуде

Өңір полициясы ұшқышсыз ұшу аппараттарын, ақылды өткелдерді және электрондық бақылау жүйелерін пайдалану арқылы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, қызмет тиімділігін арттыруда.
Жамбыл облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және полиция жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде өңірде «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» кешендері жұмыс істеп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, электрондық бақылау жүйелерін дамыту және полиция бөлімшелерін цифрлық радиобайланысқа көшіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Турдалиевтің айтуынша, цифрлық шешімдер құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, полиция қызметкерлерінің өзара байланысын жақсартуға және оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану кеңейеді
Биыл өңірлік полиция департаменті 9 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алған. Бұл құрылғыларды пайдалану полиция жұмысының мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді орындауға көмектеседі.
Жыл басында аппараттарды сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілгенімен, «Еңбек» республикалық мемлекеттік өндірістік кәсіпорнында қажетті талаптарға сәйкес келетін отандық өндіріс аппараттары болмаған. Осыған байланысты нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін облыс әкімдігіне қосымша 11 аппарат сатып алуға қаражат бөлу жөнінде өтінім жолданған. Алайда бұл өтінім қолдау таппаған.
Алдағы кезеңге арналған жоспар да бар. 2027 жылы әртүрлі модификациядағы тағы 20 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алу үшін өтінім берілген.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне басымдық берілген
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында да цифрлық жүйелердің мүмкіндіктері пайдаланылып келеді. 2025 жылы облыста қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 6 «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» кешені орнатылған. Ал 2026 жылдың қыркүйегінен бастап тағы 18 кешен іске қосылды. Осылайша, өңірде мұндай құрылғылардың жалпы саны 24-ке жетті.
Кешендер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілердің оларға жол бермеу деректерін тіркеуге арналған.
«Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи техникалық құралдардың маңызы зор. Қазіргі уақытта облыста 24 «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» кешені жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «Argus – Жаяу жүргіншілер өткелі» аппараттық-бағдарламалық кешендерінің екі данасын жалға алу туралы шарт жасалды. Оларды Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне интеграциялау жоспарланған», – дейді Арман Турдалиев.
Сонымен қатар жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерін анықтайтын қосымша 10 «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешенін сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу жоспарланып отыр.
Құқық бұзушылықтарды тіркеу және электрондық бақылау
Полиция жұмысындағы цифрландырудың тағы бір бағыты – ақпараттық жүйелерді өзара ықпалдастыру. Облыстық полиция департаментінде сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімімен және «Е-Төрелік» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған 3 «E-AYGAQ ZAT» жүйесі енгізілген. Олар Тараз қалалық полиция басқармасында, Жамбыл және Меркі аудандық полиция бөлімдерінде қолданылады.
Бұдан бөлек, электрондық бақылау құралдарын пайдалану тәжірибесі де жалғасып келеді. 2025–2027 жылдарға арналған үш жылдық кезеңге 63 электрондық білезік жиынтығын жалға алу туралы шарт жасалған. Оның жалпы құны – 72 миллион теңге.
Электрондық бақылау жүйесі Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Бұл бақылаудағы адамдарға қатысты деректерді жедел қадағалап, тиісті жағдайларда уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Жүйенің жұмысын бақылау және мониторинг жүргізу Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасына жүктелген.
Қазіргі уақытта электрондық мониторинг жүйесінің серверлік инфрақұрылымын мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Деректерді қорғалған IP VPN желісі арқылы, Beeline ұялы байланыс операторының көмегімен беру жоспарланған.
Полиция бөлімшелері цифрлық байланысқа көшіріледі
Қызметтік ақпаратты жедел жеткізу және полиция бөлімшелерінің өзара байланысын қамтамасыз ету үшін радиобайланыс жүйелерін жаңғырту да маңызды. Тараз қаласында қолданылатын «TETRA» стандартының радиобайланыс жүйесін жаңғырту толық аяқталған. Оның аясында «Motorola Dimetra» жүйесінің 5 базалық станциясы сатып алынған.
Қазіргі уақытта облыстық полиция департаментінің теңгерімінде 2 671 радиостанция бар. Оның ішінде Тараз қаласында «TETRA» стандарты бойынша 1 291 радиостанция пайдаланылады. Жарақтандыру деңгейі – 72,8 пайыз. Қосымша 480 радиостанция қажет.
Екі аудандық полиция бөлімінде «DMR» стандарты бойынша 274 радиостанция бар. Бұл бағыттағы жарақтандыру деңгейі 78 пайызды құрайды, қосымша 78 құрылғы қажет. Ал сегіз аудандық полиция бөлімінде 1 106 аналогтық радиостанция қолданылып отыр. Оларды жарақтандыру деңгейі – 79 пайыз, қажеттілік – 296 бірлік.
Бүгінде Байзақ және Шу аудандарында «DMR» цифрлық радиобайланыс жүйесі жұмыс істейді. Қалған сегіз аудандық бөлімшеде цифрлық байланыс жүйесі болмағандықтан, аналогтық радиобайланыс уақытша пайдаланылып келеді.
«Келесі кезеңде аудандық полиция бөлімшелерін заманауи цифрлық байланыс жүйесімен қамту көзделген. 2027 жылы қалған сегіз аудандық полиция бөлімін «DMR» стандартына көшіру және қажетті радиостанциялармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл полиция қызметкерлерінің өзара байланысын жетілдіруге мүмкіндік береді», – дейді басқарма бастығының орынбасары.
Қызметтік процестер де цифрландырылуда
Полиция қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру және ақпарат алмасу мүмкіндіктерін кеңейту үшін Ішкі істер министрлігінің корпоративтік порталы мен «Qyzmet-Police.kz» платформасын пайдалану және сүйемелдеу жұмыстары да қолға алынған.
Осы мақсатта облыс әкімдігі жалпы сомасы 14 миллион теңге көлемінде қаражат бөлген. Оның 3 миллион 195 мың теңгесі «Qyzmet-Police.kz» платформасын сүйемелдеуге және техникалық қызмет көрсетуге бағытталған. Ал «Құқық қорғау органдарына арналған корпоративтік портал» модуліне қолжетімділікті қамтамасыз етуге 10 миллион 840 мың теңге қарастырылған.
Жалпы, Жамбыл облысында полиция қызметін цифрландыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, жол қозғалысын бақылау кешендерін көбейту, электрондық мониторинг жүйелерін дамыту және цифрлық радиобайланысқа көшу – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жұмыстардың негізгі бөлігі.


















