Таразда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті

Тараз қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 12 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік өтті. Тазалық шарасына 1 мыңға жуық адам қатысып, 10 арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбіліктің басты мақсаты қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру болды.
Ауқымды шараға қаладағы бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ тұрғындар белсенді қатысты. Олар көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, аумақтарды ретке келтірді.
Сенбілік жұмыстарының барысын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аралап, тазалық жүргізілген аумақтардың жай-күйімен танысты. Қала әкімі тазалықты сақтау баршаға ортақ міндет екенін айтып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Тазалық жұмыстары барысында қураған ағаштарға санитарлық кесу жүргізіліп, шөптер орылды. Сонымен қатар аулалар мен қоғамдық орындар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Сенбілік «Қарасу» шағын ауданындағы канал аумағын да қамтыды. Мұнда каналдың маңайы қоқыстан тазартылып, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде сенбілік барысында 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жиналған қалдықтарды арнайы орындарға жеткізу үшін 10 техника жұмыс істеді.
Жалпықалалық сенбілікке тұрғындар мен мекеме қызметкерлерінің белсенді қатысуы Тараздың тазалығы мен көркейтуіне бағытталған ортақ жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетті.
Шара қоршаған ортаны қорғауға, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосты.















