«АУЫЛ МӘДЕНИЕТІ – ЕЛ АЙНАСЫ»: БАЙҚАУДЫ КЕҢЕС АУЫЛЫ БАСТАДЫ

Бүгін ауданда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» байқауы басталды. Биылғы байқау Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Меркіден шыққан көрнекті ғалым Темірбек Қожакеевтің 100 жылдығына және Меркі өнерін талай жыл бойы елге танытқан «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің 50 жылдығына арналып отыр.
Байқауды биыл алғаш болып Кеңес ауылдық округі бастады. Ауылдық мәдениет үйінде өткен кеште кеңестіктер ұлттық өнерді, ауылдың дәстүрі мен тыныс-тіршілігін арқау еткен концерттік бағдарламасын көпшілікке ұсынды. Өнерпаздардың қойылымдары мен ән-жырлары ауыл тұрғындарының да белсенді қолдауына ие болды.
Кеш соңында ауыл ақсақалы Бауыржан Байдәулетов ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Байқау аясында ауданның 14 ауылдық округі өз ауылдарында мәдени іс-шара өткізіп, өнері мен салт-дәстүрін, жергілікті таланттарын таныстырады. Әр округтің өнерін арнайы құрылған әділқазылар алқасы бағалап, барлық кезеңнің қорытындысы бойынша байқау жеңімпазы анықталады.
Бұл – ауылдың өнерін ортаға салып қана қоймай, әр елді мекеннің өзіне тән мәдениетін, талантын және дәстүрін көрсетуге мүмкіндік беретін байқау.















