Жамбыл облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда

Жамбыл облысында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал санаттарды қолдау және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша осы бағыттарға бөлінген жалпы бюджет көлемі 43,7 млрд теңгені құрады. Оның ішінде трансферттерге – 15,5 млрд, облыстық бюджетке – 12,4 млрд, қала және аудан бюджеттеріне 15,8 млрд теңге тиесілі. Басқарма бюджетінің жоспарлы көрсеткіші 99,9 пайызға орындалған.
27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды
2026 жылы Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында облыста 42 875 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Есепті кезеңге дейін оның 27 321-і құрылып, жоспардың орындалуы 63,7 пайызды құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша 6 750 жұмыс орнын құру көзделсе, бүгінгі таңда 6 673 жұмыс орны ашылып, бұл бағыттағы жоспар 98,9 пайызға орындалды.
Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 58 жоба арқылы 738 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта 38 жоба бойынша 513 жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар Электронды еңбек биржасы арқылы 26 522 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, есепті мерзімде 13 784 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 820 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Бүгінде 395 азамат грант иеленді.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 6 мыңға жуық адам орналасты
Жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі – субсидияланатын жұмыс орындары. Жыл басынан бері осы бағыт бойынша 5 956 адам жұмысқа орналастырылды.
Оның ішінде 4 584 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. «Күміс жас» жобасы бойынша 633 азамат жұмысқа орналастырылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 245 адам жолданды.
Жастарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Биыл бұл бағытта 2 420 түлекті қамту жоспарланып, есепті кезеңде 494 жас жұмысқа орналастырылды.
Кәсіптік оқытуға басымдық берілуде
Еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мамандар даярлау да жұмыспен қамту саясатының маңызды бағыты болып отыр.
2026 жылы облыста 1 085 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқыту курстарына тарту жоспарланған. Оның ішінде 750 адамды білім беру ұйымдарында, 335 азаматты жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқыту көзделген.
Есепті кезеңде 1 044 азамат оқуға жолданды. Олардың қатарында білім беру ұйымдарында оқитын 709 адам және жұмыс берушілердегі жұмыс орындарында оқитын 335 азамат бар.
Цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы азаматтардың білімін жетілдіруге де жағдай жасалуда. Skills.enbek.kz платформасында 2 497 жұмыссыз онлайн курстарды аяқтады.
Ал «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын 2 346 адам тәмамдады.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілуде
Әлеуметтік қорғау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. 2026 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 35 515 адамды қамту жоспарланып, оған 3,4 млрд теңге қарастырылған.
1 тамыздағы жағдай бойынша 3 007 отбасындағы 16 657 адамға 1,5 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 401 отбасыға немесе 10,5 пайызға, сондай-ақ 1 953 адамға азайған.
Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларды жұмыспен қамту шараларына тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Еңбекке қабілетті 3 591 адамның 2 672-сі жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар мерекелік күндерге және әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті бюджет есебінен қосымша әлеуметтік көмек көрсетіледі. Есепті кезеңде 6 710 азаматқа жалпы сомасы 856,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру
Облыста қазіргі таңда 45 884 мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың қатарында I топтағы 5 011, II топтағы 16 238, III топтағы 17 703 азамат және 18 жасқа дейінгі 6 932 бала бар.
2026 жылы мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту және абилитациялау бағдарламаларын іске асыруға 9,3 млрд теңге бөлінді.
Әлеуметтік қызметтер көрсету порталында жеке оңалту бағдарламаларының орындалу көрсеткіші жылдың алғашқы алты айында 75,7 пайызға жетті. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары.
Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 136 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінде 66 нысанда жұмыстар аяқталып, 57 нысанда ішінара бейімдеу жүргізілген.
Облыс бойынша 1 519 нысан Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтердің ауқымы кеңеюде
Жамбыл облысында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі де кезең-кезеңімен дамып келеді.
Басқармаға қарасты 21 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Соның ішінде стационарлық үлгідегі 7 мекемеде 1 318 мүгедектігі бар және жалғызбасты қарт азамат мемлекет қамқорлығына алынған.
Мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған 10 орталықта 1 333 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Күндіз болу жағдайындағы 10 орталықта 2 960 адамға қызмет көрсетілуде.
Бұдан бөлек, уақытша болу жағдайындағы екі орталықта жыл басынан бері 259 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынылған. Үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету бойынша Тараз қаласы мен аудандарда 2 154 азамат қамтылуда.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі артып келеді. Есепті кезеңде олар 687 адамға әлеуметтік қызмет көрсетуде.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңа форматқа көшуде
Өңірде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу бойынша дайындық жұмыстары аяқталған.
Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Т. Рысқұлов, Сарысу және Шу аудандарында «Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары» ашылды.
Бүгінде әлеуметтік қызметтердің стационарлық, жартылай стационарлық және уақытша болу жағдайлары бойынша тарифтер бекітіліп, әлеуметтік порталда келісімшарттар жасалған.
Жамбыл облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі мақсаты – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасау, әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдау және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.
Жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған өзара сабақтас екі маңызды бағыт. Өңірде осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.


















