Үкімет 2029 жылға дейін Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс қимыл жоспарын бекітті

Қазақстан Республикасы Президентінің «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Іс-қимыл жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды, олар — азаматтардың, бизнес пен экономиканың мүддесі үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта енгізу.
Жоспардың басымдықтарының бірі – білім берудің барлық деңгейінде ЖИ-ді жаппай енгізу. AI-SANA бағдарламасын кеңінен тарату шеңберінде 2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен ЖОО түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ-дің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Сонымен бір мезгілде студенттерді тереңдетіп оқыту және педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары да кеңейтіледі. 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізеді және экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаларды жаңартады.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру деректерді басқарудың бірыңғай жүйесіне көшуге және бетпе-бет жүгінудің қажет етпейтін сервистерді кеңінен пайдалануға бағытталатын болады. 2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтар санын едәуір ұлғайту, нақты уақыт режимінде деректер алмасу арқылы бірыңғай цифрлық контурға көбірек медициналық ұйымдарды біріктіру және клиникалық шешімдер қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.
Жоспардың жеке бағыты қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырумен байланысты. Өңірлерде интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелерін қоса алғанда, AI Native cities®ions шешімдерін енгізу жалғасады. Оларды қолдану оқиғаларға тезірек жауап беруге, қауіпсіздік қызметтері жұмысының тиімділігін арттыруға және басқару мен мониторингтің ЖИ-платформалары есебінен ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметтер және әлеуметтік қолдау саласында азаматтардың артық жүрісінің уақыты мен санын қысқартуға баса назар аударылды. Жоспар жасанды интеллектіні, белсенді қызметтерді, автоматты түрде қол қоюды және процестерді автоматтандыруды анағұрлым кеңінен қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну уақыты кем дегенде 50%-ға қысқаруы тиіс.
Бизнес пен экономиканың мүддесі үшін цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен сияқты негізгі салаларды қамтиды. Жылу-энергетика кешенінде 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ы цифрлық мониторингке қосылады. Бұл олардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға және сенімділікке төнетін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергия ресурстарының қозғалысын бастан-аяқ цифрлық қадағалау жүйесі кеңейтіледі.
Құрылыста цифрлық тәсіл нысандардың жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамтиды. 2029 жылға қарай техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарлануда.
Көлік және логистика саласында цифрландыру жүктердің бүкіл қозғалыс бағытын — өткізу пункттерінен өтуінен бастап негізгі көлік дәліздері мен мультимодальды тораптар арқылы тасымалдануына дейін қамтиды. Негізгі міндеттердің бірі – жүк автокөлігінің басым өткізу пункттері арқылы өту уақытын қысқарту болады. Ол үшін тасымалдау туралы деректерді алдын ала алуға және өңдеуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ қолмен орындалатын операциялардың санын азайтатын цифрлық құралдарды қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.
Smart Cargo-ны дамыту аясында басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойынша трекинг жүйесімен сүйемелденеді. Бұл жүктің бүкіл бағыт бойынша қозғалысын бақылауға және логистикалық процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар негізгі көлік дәліздері, өткізу пункттері мен мультимодальды тораптар интеллектуалды көлік аналитикасымен қамтылады. Бұл инфрақұрылымның жүктемесін жедел бағалауға, көлік ағындарын басқаруға және «тар жолдар» туындаған жағдайда шешімдерді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
АӨК-те цифрлық шешімдер ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тиімділігін арттыруға және заманауи басқару құралдарына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталады.
Шағын және орта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және цифрлық шешімдерді нысаналы түрде енгізуге басымдық беріледі. Кәсіпорындар цифрлық жетілу деңгейін бағалаудан өтіп, цифрландыру бойынша жеке жол карталарын ала алады. Цифрлық комплаенс пен тәуекелге бағдарланған қадағалауды қолдану тәуекел деңгейі төмен ШОБ субъектілерін физикалық тексеру санын азайтуға мүмкіндік береді.
Салық саласында салықтық әкімшілендірудің интеллектуалды моделіне көшу көзделуде. Бұл ретте процестердің едәуір бөлігі салық төлеушінің қосымша қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл «көзге көрінбейтін» салықтық әкімшілендіруді қалыптастыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған.
Жоспардың жеке бір бөлігі қаржы секторын, екінші деңгейдегі банктер мен квазимемлекеттік компанияларды цифрлық трансформациялауға арналған. 2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын ақпаратпен қауіпсіз алмасудың цифрлық жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Жеке тұлғаларға өнімдер ұсынатын және Бірыңғай цифрлық платформаға қосылған қаржы ұйымдарының нарығы үшін де осындай көрсеткіш көзделген.
Квазимемлекеттік секторда цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу де нақты өлшенетін экономикалық нәтиже беруі тиіс. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның портфельдік компанияларында цифрлық және AI-бастамалардың EBITDA өсіміне қосатын үлесін жылына 5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ-да 2029 жылға қарай инвестициялық жобалардың 100%-ын AI-мониторингпен қамту жоспарланып отыр.
Жоспар бағыттарының бірі – отандық IT-индустрияның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және оның сыртқы нарықтардағы қатысуын кеңейтуге байланысты. 2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортының көлемін кемінде 50%-ға ұлғайту жоспарланып отыр. Жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыру үшін робототехника саласындағы өңірлік құзыреттер орталықтарын дамыту және коммерциялық жобаларды жүзеге асыратын отандық интеграторларды қолдау көзделген.
Цифрлық инфрақұрылымды дамытуда «ДӨО алқабына» маңызды роль беріледі. Жоба Қазақстанға жаһандық технологиялық және бұлтты технологиялар саласындағы серіктестерді тартуға, заманауи есептеу қуаттарын орналастыруға және жасанды интеллектіні ауқымды енгізу үшін база құруға бағытталған. Бұл ел ішінде деректерді өңдеу мен сақтаудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа AI-сервистерді іске қосуға және отандық цифрлық индустрияны дамытуға жол ашады.
Цифрлық мемлекетті дамыту киберқауіпсіздік талаптарын күшейтумен қатар жүреді. Жоспарда мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін арттыру, кибермәдениетті дамыту және халықты цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану жөнінде хабардар етуді арттыру көзделген. «Цифрлық үкімет» нысандары азаматтарға өздерінің дербес ақпаратын пайдалануды неғұрлым ашық бақылауға мүмкіндік беретін «Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау» сервисіне қосылады.















