МЕРКІДЕ ВОЛЕЙБОЛДАН АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Меркі ауданында волейболдан ардагерлер арасында Жамбыл облысының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Дәстүрлі спорттық додаға Тараз қаласының екі командасы, сондай-ақ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Меркі аудандары мен Шу қаласының ардагер спортшыларынан құралған командалар қатысып, өзара бақ сынауда.
Чемпионаттың ашылу салтанатына аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Мұратбек Көкрекбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев және волейбол федерациясы вице-президенті Сәрсен Оспанов қатысып, жарысқа жиналған спорт ардагерлеріне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі өз сөзінде мұндай жарыстардың салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастарға үлгі болатын ардагер спортшылардың тәжірибесін дәріптеуге зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар барлық қатысушыларға тартысты ойын мен жарқын жеңістер тіледі.
Іс-шара барысында Шу ауданынан келген волейбол ардагері, 80 жасқа толған Амантай Омаровқа құрмет көрсетіліп, аудан әкімі иығына шапан жапты. Бұл – спортқа адал қызмет еткен аға буынға деген сыйластықтың жарқын көрінісі болды.
Сондай-ақ жарыстың өтуіне қолдау білдірген Қант зауытының демеушілігімен қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Ардагерлер арасындағы облыстық чемпионат алдағы күндері тартысты кездесулермен жалғасып, үздіктер анықталатын болады.















