ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ, ТАЗАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫНЫҢ КЕЛБЕТІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов Сарымолдаев ауылдық округіндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, санитарлық тазалықтың жай-күйін және нысандардың сыртқы келбетінің талапқа сәйкестігін зерделеді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі «Диваруди» дүкенінде, «Maжлис» көлік жөндеу орталығында, «Евразия», «Urban», «Kele ber» және «Мақпал» сауда үйлерінде болып, кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты.
Ең алдымен кәсіпкерлік нысандарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына назар аударылды. Алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы, эвакуациялық шығу жолдарының қолжетімділігі, электр желілерінің қауіпсіздігі және өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар қаралып, нысан иелеріне қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар аудан әкімі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кәсіпкерлік нысандарының айналасын таза ұстаудың маңыздылығына тоқталды. Сауда орындарының аумақтарын тұрақты тазалау, санитарлық талаптарды сақтау, қоқысты уақытылы шығару және қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндірілді.
Жұмыс сапары барысында сауда нысандарының сыртқы қасбеттері мен көрнекі безендірілуіне де назар аударылды. Кәсіпкерлерге ғимараттардың сыртқы келбетін талапқа сай күтіп ұстау, маңдайшалар мен жарнамалық ақпараттардың заңнама талаптарына сәйкес орналасуын қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі жауапты сала мамандары мен кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, санитарлық тазалықты тұрақты қамтамасыз ету және кәсіпкерлік нысандарының сыртқы келбетін талапқа сай ұстау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.















