АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ

0
2

Бүгін аудан әкімі Ербол Жиенқұлов көпбалалы аналарды арнайы қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік наградалар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін салтанатты түрде табыстады.

Жиын барысында аудан әкімі аналарды жоғары марапаттарымен құттықтап, олардың отбасы құндылықтарын дәріптеп, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі ел үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, көпбалалы аналардың ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің демографиялық өсіміне қосып отырған үлесі ерекше екенін айтып, оларға шынайы ризашылығын білдірді.

– Ана – отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі. Ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақ, ал сол ұрпақты тәрбиелейтін ең аяулы жан – ана. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл марапат – аналарға деген айрықша құрметтің белгісі. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі.

Салтанатты шарада барлығы 40 көпбалалы ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 9 ана «Алтын алқа», 31 ана «Күміс алқа» иегері атанды.

Марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, мемлекет тарапынан аналарға жасалып жатқан қолдау мен қамқорлықтың отбасы институтын нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Comments are closed.