23 ТАМЫЗ – ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ТАРИХИ ТАҢДАУ

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл – Жаңа Конституция негізінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың заңды жалғасы әрі елімізде әділетті, ашық және жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Құрылтай – халықтың еркін білдіретін, заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның басты міндеті – мемлекет пен қоғамның дамуына қажетті заңдарды қабылдау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына құқықтық негіз қалыптастыру. Сондықтан Құрылтайдың құрамы қандай болса, қабылданатын заңдардың сапасы да, елдің даму қарқыны да соған тікелей байланысты болмақ.
Бүгінгі таңда қоғамның саяси белсенділігі артып келеді. Азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамай, мемлекеттік маңызы бар шешімдерге атсалысуы – дамыған демократиялық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, 23 тамыздағы сайлау әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне үлес қосуына берілген маңызды мүмкіндік деп білемін.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі ретінде бұл науқанның мән-маңызын халыққа дұрыс жеткізу – біздің басты міндетіміз. Ақпарат құралдары азаматтарға сайлау туралы жан-жақты әрі шынайы мәлімет ұсынып, олардың саналы таңдау жасауына ықпал етуі тиіс. Өйткені ашық ақпарат пен қоғамдық сенім – кез келген саяси реформаның табысты жүзеге асуының негізгі алғышарты.
Құрылтайдың тиімді қызметі елдегі заң үстемдігін нығайтып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады. Сондықтан бұл сайлау – тек депутаттарды таңдау ғана емес, Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси оқиға.
Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Сондықтан 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысып, азаматтық ұстанымымызды білдіру – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Бірлігі бекем, заңы үстем, болашағы жарқын Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың таңдауы маңызды.
Серік ҚҰРАЛБАЙ,
Меркі ақиқат газетінің редакторы

















