ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БІРТҰТАС ДАМУ ЖОЛЫ

0
2

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды саяси реформалардың бірі – Жаңа Конституцияның қабылдануы. Бұл – Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын білдіретін тарихи шешім. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталды. Сондықтан Жаңа Конституцияны тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, елдің ертеңіне бағытталған маңызды стратегиялық қадам деп бағалауға болады.

Қазақ халқы ежелден дау-дамайды әділдікпен шешіп, ел бірлігін бәрінен жоғары қойған. Билер институты халқымыздың құқықтық мәдениетінің алтын қазығы саналады. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ұлы тұлғалардың өнегесі – әділ соттың, елдік пен бірліктің символы. Бүгінгі конституциялық реформалардың басты мақсаты да осы ұлттық құндылықтармен үндесіп жатыр. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділ қоғам қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – Жаңа Конституцияның негізгі ұстанымдарының бірі.

Жаңартылған Ата Заңда адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері күшейтілді. Мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік нығайтылып, олардың жауапкершілігі артты. Конституциялық Соттың құрылуы, азаматтардың оған тікелей жүгіну мүмкіндігінің берілуі – халықтың құқықтық қорғалу деңгейін көтерген маңызды өзгерістердің бірі. Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңейіп, қоғам пікірінің ескерілуіне жол ашылды. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асуының көрінісі.

Жаңа Конституция негізінде құрылған Құрылтай – халықтың еркін білдіретін, заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның басты міндеті – елдің орнықты дамуына қажетті заңдарды қабылдау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық негізді жетілдіру және қоғамның сұранысына сай шешімдер қабылдау. Құрылтайдың тиімді қызметі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтып, еліміздегі демократиялық үдерістердің дамуына, заң үстемдігінің орнығуына және халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюіне ықпал етеді. Бұл – Жаңа Конституцияда айқындалған реформалардың нақты жалғасы.

Бүгінгі таңда елімізде экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, жастарға сапалы білім беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық келісімді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы реформалардың барлығы Жаңа Конституцияның қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асырылып келеді. Құрылтайдың заң шығару қызметі де осы бастамалардың құқықтық тұрғыдан жүйелі жүзеге асуына негіз қалайды. Сондықтан заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Аудандық Билер кеңесі де қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауда, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуде, жастарға тағылымды тәрбие беруде маңызды рөл атқарып келеді. Ақсақалдардың даналығы мен билердің өнегелі жолын жалғастырып жүрген кеңес мүшелері ел бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және құқықтық сананы қалыптастыруға зор үлес қосуда. Бұл жұмыстар Жаңа Конституцияда көзделген әділетті қоғам құру қағидаттарымен және Құрылтай қызметінің негізгі мақсаттарымен толық үндеседі.

Конституцияның талаптарын құрметтеу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Өйткені заң үстемдігі орнаған жерде тұрақтылық болады, тұрақтылық бар жерде даму болады. Әділетті қоғам бір күнде қалыптаспайды. Ол әр азаматтың жауапкершілігімен, заңға деген құрметімен және ел тағдырына бейжай қарамауымен орнығады.

Біздің басты мақсатымыз – бірлігі бекем, заң үстемдігі салтанат құрған, әділетті әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыру. Осы жолда Жаңа Конституция елдің даму бағытын айқындайтын басты құқықтық негіз болып қала береді. Ал Құрылтайдың тиімді қызметі конституциялық реформалардың толық жүзеге асуына, халықтың мүддесіне сай заңдардың қабылдануына және мемлекеттің тұрақты дамуына қызмет етеді. Аудандық Билер кеңесі де ұлттық бірлікті нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және әділдік қағидаттарын дәріптеуге өз үлесін қоса береді. Өйткені әділдік – мемлекеттің тірегі, ал бірлік – елдің ең басты байлығы.

Медербек УЗБЕКОВ,

Меркі аудандық билер кеңесінің төрағасы

Comments are closed.