30 маусым күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы абаттандыру жұмыстарының барысын және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды

Алдымен аймақ басшысы Абай даңғылы бойындағы Дінмұхамед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықты абаттандыру және қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.
Жобаны «ExpeditGroup» ЖШС жүзеге асыруда. Мұнда жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Жер асты ирригациялық жүйелері толық жаңартылып, электр желілері мен жарық бағаналары ауыстырылуда. Сонымен қатар ұзақ мерзімге жарайтын сапалы өрнектас төселіп, аумақ толық абаттандырылуда. Жоба аясында 150 түп ағаш отырғызылып, 5 220 шаршы метр аумақ көгалдандырылады.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.














