Эколог күніне арналған іс-шаралар АНОНСЫ

0
5

Жыл сайын 5 маусымда бүкіл әлемде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтіледі. Қазақстанда бұл күн Эколог күні ретінде мерекеленеді. Аталған мереке 1972 жылы қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында БҰҰ бастамасымен бекітілген.

Эколог күніне орай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республика көлемінде бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

4 маусым күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу нәтижелері, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді.

Іс-шараға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Е. Кожиков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары А. Ким, Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Д. Есмағамбетов және Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Р. Төкенов қатысады.

Эколог күніне арналған салтанатты шаралар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады. Мереке аясында қоршаған ортаны қорғау ісіне елеулі үлес қосқан экологтар мен қоғам белсенділеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталады.

5 маусым күні республика бойынша «Эко-сағат» акциясы өтеді.    Оның аясында ашық дәрістер, тақырыптық көрмелер, интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары мен экологиялық сыныптар ұйымдастырылады. Іс-шараларға экологтар, еріктілер және жергілікті тұрғындар қатысып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық материалдар таратылады.

Сондай-ақ Эколог күні аясында Атырау қаласындағы «Фибратекс» ЖШС пластик өңдеу зауытына және Қостанай қаласындағы «Север-Комбинат» ЖШС қайталама шикізат пен қағаз өнімдерін өңдеу кәсіпорнына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз турлары ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, эко-белсенділер мен еріктілер әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» челленджін өткізеді.

Эколог күніне арналған барлық ақпараттық материалдар #ЭкологКүні, #ДеньЭколога, #ТазаҚазақстан және #ӨзіңненБаста хэштегтерімен жарияланады.

Comments are closed.