Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасы талқыланды: білім мен жастарға жаңа мүмкіндіктерге басымдық берілмек

0
5
Тараз қаласындағы Марс Уркумбаев атындағы Жастар сарайында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі студенттер және оқытушылармен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Кездесу жастарға арналған білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мен елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты бастамаларды талқылау тұрғысынан маңызды болды.

Іс-шараға облыстық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы, «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының өңірлік жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов, сондай-ақ коалиция мүшесі Гулам Умаров қатысты. Қатысушылар жаңа Конституция елдің стратегиялық дамуын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.

Кездесу барысында білім беру мен жастарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновацияны ел дамуының негізгі қозғаушы күштері ретінде қарастыру ұсынылады. Бұл жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға, шығармашылық пен технологиялық бастамаларды дамытуға жол ашады.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров білім беру саласындағы тең мүмкіндіктер мен зайырлы қағидаттардың сақталуы сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ететінін айтты. Оның сөзінше, жаңа конституциялық нормалар азаматтардың міндетті орта білім алу құқығын бекітіп, жоғары білімді конкурстық негізде алуға жағдай жасайды.

Ал депутат Әбутәліп Мүтәлі цифрландыру мәселесіне тоқталып, Конституция жобасында алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау тетіктері қарастырылғанын атап өтті. Бұл жеке деректер қауіпсіздігін күшейтіп, заманауи технологиялар дәуірінде азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етеді.

Дауыл Бейсенқұлов жастарға арналған мемлекеттік қолдау шараларының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, студенттік гранттардың бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы аясындағы шәкіртақылар және шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктері жас зерттеушілердің кәсіби дамуына серпін береді.

Кездесу қорытындысында Жамбыл облысының жастары мен қоғам өкілдері елдің әділетті әрі прогрессивті дамуына бағытталған бастамаларды қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді. Бұл диалог өңірдегі жастардың қоғамдық өмірге қатысуын арттырып, білім мен инновацияға негізделген болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.

Comments are closed.

Другие новости