Адалдық
Ақиқатында адалдық, һәм әділдікке баулу жауапты да, маңызды дүние. Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болу – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады. «Адалдық қайда болса, тіршілік сонда» демекші, парақорлық пен жемқорлықты күнделікті өмірде көріп отырғандықтан, адалдық жайында мәселе қозғау ауадай қажет. Мына біз өмір сүріп жатқан қоғамда адам баласы адал жолмен жүріп, әділдік ұғымын ту етіп ұстаса, дамудың биігіне сонда шығып, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болар ма еді?!
Адалдықты ұран қылған «Меркі – адалдық алаңы» жобалық кеңсесініңде басты бағыт-бағдары – шыншылдық, әділдік ұғымын қалың бұқараға жеткізу. Түрлі ақпараттық, үгіт-насихаттық, ағартушылық шаралардың да негізгі межесі – халық арасында заң сауаттылығын арттыру, болашақты тура жолға бастау. Дәл осы адалдық ұғымына қайшы келетін зор індет – жемқорлыққа қарсы күресте қарқынды жүруде. Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алған абзалырақ, сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүргізілу барысын шалғай аймақтарға жеткізіп, қоғамның барлық топтарын қамту мақсатында ауданымызда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмыстарын жүргізуде.
Қайсыбір мекеме қызметкері болмасын, өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауға міндетті. Жұмыс орнының мүлкіне аманат есебінде қарап, оған қиянат жасамай, кісі ақысын жемей, ысырап етпей, бүлдірмей ұқыпты ұстауы қажет. Дана халқымыздың «Судың да сұрауы бар»-деуі тегін айтылмаса керекті.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келсек, айтпағым, адалдық – өмірден қымбат дүние, жалпының игілігіне бола өмір сүріп, ортақ мүддеге бола жеке мүддені құрбан ету. Болашағымыз жарқын болу үшін, ғұмыр бойы алаңсыз күн кешу үшін – адал болуға ұмтылайық. «Асыл қасиет – адалдық, асыл мінез – адамдық» демекші, кең дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету міндет.
Айғаным Шынарбек,
«MERKE ADALDYQ ALANY» жобалық кеңсесінің жетекшісі