Жолдау – жастар үшін жаңа жол ашады

0
124

Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен “ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ” тақырыбында білімгерлер арасында жиын өткізілді.
Онда аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Б.Жылысбаев, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Шолпанқұлов, “AMANAT” партиясы Меркі аудандық филиалының атқарушы хатшысы К.Шағатаевалар Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын жастарға түсіндіріп өтті. Білімгерлер Жолдаудың жастарға беріп жатқан жаңа мүмкіндіктері мен мемлекеттік бағдарламалардың бағыттарын қолдады.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылысбаев Байсейіт Сабырұлы: – Қаңтар оқиғасынан кейін игі үлкен бастамалар көтеріліп жатыр. Жақында Мемлекет басшысы Жолдауында өзекті мәселелерді көтеріп, көпшіліктің көңілінен шықты. Сонда Президент уәкілеттігін 7 жылға ұзарту мәселесі айтылды. Халық арасында түрлі пікір бар. Дегенмен меніңше, Президентіміз аласапыран уақытта сақтыққа бара жатыр. Жан-жақтан қауіп бар екенін де жасырмаймыз. Сондықтан осы қауіпті сейілту үшін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Жаңа Қазақстан құру мақсатында да бұл қажет дүние болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Елорда атауының өзгеруі орынды мәселе деп санаймын. Елімізде әділеттік орнап келеді. Халықты қуантатын жаңалықтар болуда. Нұр-Сұлтан атауы аномастикалық заңдылықтар бойынша әу бастан дұрыс қойылмаған еді. Әділеттік орнағанның алғашқы белгілері осы. Қазір халық бәлкім, астанамызды Алашорда, Алтын орда деп, не бұрынғы Ақмола атауын қайтарса деген пікірлер айтып жатыр. Меніңше, рухымызды көтеру үшін мұндай атаулар қажет. Барлығы уақыт еншісінде – деп, өз ойын ортаға салды.
Ал “AMANAT” партиясы Меркі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шағатаева Күлайым Жексембіқызы: «Халқымыздағы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тағылымды қағидатқа жүгінген Президент табысты ұлт болудың маңызды шарты білім беру жүйесінің сапасына тікелей байланысты екеніне тоқталды. Сондықтан да жастардың білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Жолдауда Мемлекет басшысы осы мәселені маңызды ұлттық жоба деңгейінде қарастырды. «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде»,– деді. Оның айтуынша, «кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс, -деді.
Бұдан соң ауған соғысы ардагерлер алқасының төрағасы Шолпанқұлов Ержан Диханалыұлы сөз алып:
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі бөлігінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жолына басымдық бере отырып, «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» секілді бес нақты бағдарға бөлген, -деді.
– Президент өз Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыруды алға тарта отырып, жаңа экономикалық бағдардың басты бағыты ретінде жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруды, барлық адамдарға бірдей мүмкіндік беру арқылы бәсекелестікті дамытуды, сонымен қатар, ұлттық табысты әділ бөлу секілді кезек күттірмейтін басты міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көкейкесті мәселе ретінде ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылатыны жайында: «Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз», – деп, Ұлттық қордың басты қызметі мен оны ұтымды пайдалану жолын қадап айтты. Жолдаудың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» атты үшінші бағдарында еліміздің басты құндылығы ретінде адам капиталына ерекше баға берілген. Бұл бағдарда қоғамның орнықты даму жолындағы ұлт саулығына, яғни денсаулық сақтау саласына баса мән беру керектігі сараланады. Жолдауда жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді – мемлекетіміздің басты міндеті ретінде қарастыруды баса айтты. Жалпы, жастарды қолдауға ерекше басымдық беріліп, осы бағытта көптеген жобалардың іске асырылуы көзделіп отыр. Мұның басты айғағы ретінде еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылдан бастап 100 мың жастың жұмыспен орналасуына мүмкіндіктердің туындайтыны, жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетіндігі жайлы айтылды. Жастар мәселесіне қатысты айтылған ауқымды жобаларына жүйелі шаралар қабылданып, өз уақытында жүзеге асырылады деген сеніммен қараймыз. Мемлекет басшысының әділетті Қазақстанды құру жолындағы көтерген негізгі бастамалары мен салмақты ойлары мемлекетіміздің өркендеп дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер мен қоғамдық маңызды мақсаттарға жол ашатыны анық. Президент Жолдауында көтерілген түйінді мәселелер жүйелі түрде әрі дер кезінде орындалатын болса, қазақстандықтардың әл-ауқаты артатыны рас. Ұлт мүддесі мен жарқын болашаққа нық қадам басу жолында еліміздің әрбір азаматы «жұмылған жұдырықтай» берік ынтымақтастықта биік белестерді бірлесіп атқаруды ұмытпағаны абзал. Жаңа Қазақстанның жаңаруы мен жаңғыру жолында жасалынып жатқан жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі болады» деп айтып өтті.
Жиын соңында: Меркі ауданы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Султаналиев Нұрбол Анарбекұлы жиынға қатысушы жастардың ұсыныс, сұрақтарын біліп, жастар тарапынан жолдауға қолдау білдіретінін атап өтті.

Ж.Усербаева,
Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастар ісі жөніндегі инспекторы

Comments are closed.