Бабын тапса, жер жомарт

0
87

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қант қызылшасы саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленген болатын. Кешенді жоспар тәтті түбір егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайту, жаңа суармалы жерлерді іске қосу, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын арттыру міндеттерін белгіліп берді.
Бүгінде осы бағыттар бойынша Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жоспарлы межелер белгіленуде. Аймақта балтамыр алқабы жыл сайын ұлғая түсіп, өнімділігі арту үстінде.

Ағымдағы жылы қант қызылшасы облыс бойынша 5,5 мың гектарға егілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе артады деп күтілуде. Оған мемлекет тарапынан қолдау ретінде төленетін субсидия көлемінің 15 теңгеден 25 теңгеге (1 келісіне) өсуі айрықша серпін беріп отыр. Ал, 2023 жылы баға бір тоннаға 40,0 мың теңге болады. Қант зауыттары 15,0 мың теңге төлесе, мемлекеттік қолдау 25,0 мың теңгеге жетеді. Осылайша тәтті түбір алқабы келесі жылы 10,0 мың гектарға жеткізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов атап өтті.
Биылғы жылы облыста 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Оның ішінде Байзақ ауданында – 1000 гектарға, Жамбылда – 730 гектарға, Меркіде – 1780 гектарға, Т.Рысқұловта – 145 гектар және Шу ауданында -1820 гектарға тәтті түбір егілді. Аталған аудандарда 70-тен аса шаруашылық қант қызылшасын ексе, бүгінгі күні Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу аудандарындағы 16 шаруа қожалық жиын-терін жұмыстарын бастады.

Қазіргі уақытта 160 гектар алқаптан 12 946 мың тонна өнім жиналса, оның 11 076 тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Ал, облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім 630 ц/га құраса, Меркіде – 800 ц/га, Жамбылда – 455 ц/га, Байзақта – 410 ц/га, Шу ауданында – 350 ц/га құрауда. Науқан жұмыстарына 29 техника жұмылдырылған. Облыста қант қызылшасын өсіру бойынша 2015 жылдан бері жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың нәтижесінде аймақтағы диқандар шетелдерден жоғары өнімді тұқымдар сатып алуда. Өңірде тәтті түбір өсірумен 82 шаруа қожалық айналысуда. Шарулар ішінде меркілік қант қызылшасын өсірушілер көш бастап тұр.
Қазір шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де қауырт шақтарының бірі. Сондықтан диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қыздыруда.
Біздің ауданымызда да қант қызылшасын жинау науқаны қарқынды жүруде. Аудан бойынша жалпы 1780 гектарға 29 шаруашылық тәтті түбірді еккен. Соның 11 шаруашылығы қант зауытына әзірше 9269 тонна дақылдарын өткізіп үлгерді. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» серіктестігі биылғы жылы 130 гектар жерге қызылша егіп, бүгінгі таңда одан әр гектардан 500-800 центнерден өнім алуда. Шаруашылық басшысы Қанат Шайхиев қант қызылшасын егудің тиімділігін кеңінен насихаттауда. Оның айтуынша бидай, арпадан қарағанда қант қызылшасын егу өте табысты. Егер техникамен жабдықталу түгел дерлік өзіңнен болса, пайданы еселеп шығаруға болады екен.
Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Сыпатай батыр» серіктестігі жерге отырғызылған тәтті дақыл алқаптарының жартысынан астамын қазып үлгерген.
– Биылғы жыл табысты, өнімге мол жыл болды. Шаруашылық науқанға үлкен дайындықпен кірісті. Техникалар алдын ала тексеруден өтіп, май-шәйін дұрыстадық. 500-800 центнерден өнім жинаудамыз. Жекелеген жерде бір түбі 10 келіден асатын дақылдар бар. Мен қант қызылшасын егудің қыр-сырын жетік меңгердім. Тәжірибемді шет елдерге барып шыңдадым. Түркия, Франция елдерінде дала алқаптарында болдым. Ол жақта орта түсім 800-1200 центнер. Оның себебі тыңайтқыштарды тиімді пайдалану болып табылады. Күзде жерді жырту алдында аммофосты ендіріп, содан соң жыртса, ол топыраққа жақсы араласып, жауын-шашынмен бірге әбден жерге сіңеді. Менің ойымша жерге тыңайтқыш бермей ешнәрсені егудің тиімділігі болмайды,-дейді шаруашылық басшысы.

Сонымен қатар, «Сыпатай батыр» шаруа қожалығы жоғары сұрыпты арпа, бидай тұқымдарын өндіретіні белгілі. Алдағы жылы шаруашылықтың 50 гектар алқабында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың бастамасымен Қазақ ғылыми зерттеу орталығынан 24 түрлі бидай тұқымын және осы шаруашылықтың өсіріп отырған 4 жоғары сұрыпты өнімдері егіліп, тәжірибе жүргізілмекші. Қай бидай тұқымы жақсы өнім берсе, сол бидайды облыстың басқа аймақтарында өсіріп, көбейтуге мүмкіндік жасалатын болады.
Қазіргі таңда тәжірибелік алқапта жерді тыңайту, жыртып, тырмалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, барлық шығындарды облыс әкімдігі мен ғылыми зерттеу орталығы өз қаражатынан шығаратын болады.
Биылғы жыл шаруаларға өте қолайлы жыл болды. Өнімділік барлық дерлік салада мол. Бастысы еңбек еткен диқандар еңбегі еш кетпеді.

Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.