Қырық жеті жылдан соң… немесе жүректердегі сағыныш

0
38

Осыдан біраз уақыт бұрын «Ақтоған» ауылында, сенсация дейтіндей, мектеп бітіргендеріне қырық жеті жыл болған, бір ауылдың 1975 жылы түлеп ұшқан жастарының сағынышты, таңғажайып кездесуі болып өтті.

Тілеміс батыр атындағы мектептің екі он бірінші сыныбын бітіргендер саны 47 түлек екен. Олардың үйлі-жайлы, әр тарапта жүрген, еңбек, қызмет етіп жатқан тұп-тура отыз тоғызы, өздері қимай қоштасқан мектебінде бас қосып, ардагер ұстаздарына гүлшоқтарын, естелік сыйлықтар сыйлап, жүрек жарды қуаныштарын бөлісіп, сағыныштың жасымен, көздері боталады. Одан соң шаштарын бозқырау шалған, өздері де ата-ана болып, немере сүйіп отырған ақтоғанның бір кездегі ержеткен, бойжеткен ұл-қыздары, ауылдың 300 орындақ мәдениет үйінде айшықты, мәртебелі кездесулерін жалғастырды.
Ия, 45 жылдығында бас қосқысы келген түлектер КОВИД-19-дың кесірінен кездесе алмай, енді 47 жылдығын атап өтіп, мәре-сәре болып, күлкілері жер жарды. Сағынышты жүздесудің ерекше демеушілері болған Бақыт Бортанов, Орынбасар Әкімжановтар сахнаға көтеріліп, туған жерге тәу етуге, саф ауасын жұтуға, табандарының ізі қалған топырағын иіскеуге келгендерін айтып, көпшілікпен қуаныш нұрын шаша есендесті.
Бақыт Бортанов жүрегінен шыққан Ақтоған туралы «Туған жерім» деген эссе-өлеңін оқыды. Тоқсан жастан асқан Орынтай Төлебаев ағайларына шапан жауып, ерекше сыйлық тартулады.
Жалпы немерелерін ойнатып, еткен бейнеттің зейнетін көріп отырған Айсұлу Қырықбаева, Базаркүл Бүркітбаева, Орынкүл Құлманова т.б. сияқты мұғалімдерін салтанатты түрде сахнаға шығарып, алқызыл гүл сыйлап, алтыннан алқа тағып аса жоғары құрмет көрсетті.
Мерекелік салтанатты Шымкенттен арнайы шақырылған Шымкент технологиялық университетінің студенттері жүргізіп, оқу орнының қыздарынан құралған триосы бірнеше ән салып, қуаныштың отын маздатты. Тіптен экономикалық аймақ атағына ие қаланың облыстық филармониясының дәстүрлі ән салатын жігіттер триосы домбыра, баянды шалқытып, ауыл туралы әнді аспандатып, көпшілік көрерменнің қошеметіне ие болып, көздеріне жас алдырды.
Ауыл қариялары, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жоран Алахунов, Олжабек Қосубаев, Ташкенбай Керимов, Бейсен Медетбеков, Серік Құралбайлар өскен ұяларын ұмытпай, өздері де зейнет жасына келіп қалған өрендеріне шексіз алғыстарын білдіріп, игі тілектерін қардай жаудырды. Тиісінше елді сағынып жеткен ауыл азаматтары, күлімкөз қыздары қарияларға да гүлшоқтарын ұсынып, қолдарына бағалы сағаттар тақты.

Сол сияқты ауылдың айдарлы азаматтары Мейірхан Өмірбек, Тілек Данаев және округ әкімі Данияр Әбдіразақовтар т.б. шынайы алғыстарын жеткізді.
Кездесуде ән де құйқылжыды, күй де күмбірледі. Ең қымбаттысы ауылға ат ізін сала бермейтін жұлдыздар: «Шаншар» театрының директоры Уәлибек, ҚР еңбегі сіңген қызметкер, жерлесіміз Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов пен Ақбота Керімбековалар ән тасқынын әуелетіп, Ақтоған ауылының аспанын сазды әуенге толтырды. Зал толы көрермен тасыған көңілден, қол шапалақтан, жыртылып-айырылды десе де болады.
Салтанатты кездесуде 47 жыл бұрын мектеп бітіргендер, олардың ұстаздары шынайы, ақ түйенің қарны жарылғандай игі тілектерін төгілтіп, сағыныштарын қуаныш жасымен жеткізді. Осы толағай кездесуде бақилық болған тоғыз құрдастары мен өмірден озған ұстаздарына, түлектер Шақшам Ата мешіті жанындағы асханада дастархан жайып, құран оқытты.
Тасыған өзендей сарқыраған көңілді кездесу «Хаят» мейрамханасы мен келесі күні Меркі шипажайында жалғасты.
Ия, ауыл тұрғындары ұшқан ұяларын ұмытпай, естен кетпестей тарту жасаған ұрпақтарына таусылмас бақыт, ұзақ ғұмыр тіледі.
Сындарлы кездесуде ән де, әзіл де, би де биленді. Ұстаздар шәкірттеріне деген ыстық ықыластарын, түлектер, бүгінгі жігіт ағалары ұстаздарға елге, ауылға деген сағыныштарын өлеңмен жеткізді.

Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.