Архив және болашақ ұрпақ
Бүгін Республика бойынша «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында жаппай іс-шаралар өткізу қолға алынды.
Осыған сәйкес Меркі ауданында да аталған жоба аясында аудандық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен, А.Асқаров атындағы колледжде ауқымды шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан тарихындағы архивтің қалыптасуы мен оның ел өміріндегі алатын маңызын айқындау, жас ұрпаққа архивші мамандығының маңыздылығын түсіндіріп, олардың қызығушылығын арттыру болып табылады.
Осы орайда, мектеп оқушыларына аудандық архивтің жұмысын таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында архив қызметшілері оқушыларға құжаттарды қалай қабылдап алатыны, құжаттардың сақталу тәртібі мен өңделуі сияқты архивтің жұмыстарымен таныстырды. Мекеме директоры Ринат Жантаев оқушыларға архивте сақталған сонау бір ғасырға жуық бұрын қабылданған құжаттарды көрсетіп, архив қызметінің маңыздылығы жайында әңгімеледі.
Жалпы архивтің қызметі қазіргі таңда өте маңызды. Өйткені, кезінде шағын мекемелерде жұмыс істеген азаматтар зейнетке шығу кезінде жұмыс өтілдерін дәлелдейтін негізгі құжаттарды осы архивтен тауып жатады. Сол сияқты, өткен күннің бұлтартпас айғайы саналатын архив жұмысын жандандыру – бүгінгі күннің басты талабы әрі қажеттілігі десек артық айтқандық емес.
Сонымен қатар, А.Асқаров атындағы көпсалалы колледжде архив жұмысын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Онда алдымен, колледж жастары флешмоб орындаса, колледж алдына архивтік құжаттардан көрме қойылды. Аудандық архив, мұражай және кітапхана қызметкерлері өздерінде сақталған құнды құжаттарды көпшілік назарына ұсынды.
Одан кейін, ауданның зиялы қауым өкілдерінің, әр саладағы құрметті тұлғалардың және білімгерлердің қатысуымен танымдық кездесу кеші өткізілді.
Кездесу кешіне ауданның құрметті азаматтары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, белгілі ақын Шырын Мамасерікова, ардагер ұстаз Базаркүл Әлмейізова, «Меркі Ақиқат» газетінің бас редакторы, Серік Құралбаев, архив ісінің ардагері Бақытқали Идрисов, архив директоры Ринат Жантаев, колледж директоры Шұға Мұтаевна және т.б. қатысты.
Кеш барысында мектеп білімгерлері өздерінің әр түрлі тақырыптарда ғылыми баяндама жасап, өздеріне берілген тақырыптарды қорғап шықты.
Қазыбек Камал,
аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы