Сенат депутаты іс-сапармен ауданымызда
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Серікбекұлы Орынбеков Меркі ауданына ресми жұмыс сапарымен келіп, аудандағы бірнеше нысандарды аралап, қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты.
Сапар барысында сенатор Меркі ауылдық округіндегі құрылысы аяқталған жаңа спорт кешенінің жұмыстарымен танысудан бастады.
Аудан әкімі Руслан Маратұлы Нұрсипатов спорт кешенінің мән-жайын баяндап, мұндағы кіші футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес жаттығу залдарын көрсетіп, спорт саласында осындай мүмкіндіктер нәтижесінде ауданнан көптеген чемпиондар шығатынын айтты.
Шын мәнінде құрылысы екі жылға жоспарланған спорт кешені Шу ауданынан кейінгі облыс аудандары арасында теңдесі жоқ кешен. Мұнда, жаңа спорт құрал-жабдықтары орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайы ескерілген.
Жұмыс сапары барысында Аспара ауылына ат басын бұрған Бекболат Серікбекұлы №2 мектептің ғимаратымен танысты. Аудан басшысы мектеп ғимаратының тозығы жеткенін және 180 орынға арналған жаңа мектеп салуға жоба дайын екендігін айтып өтті. Б. Орынбеков өз кезегінде, облыс әкімімен ақылдасып бір шешімін қарастыратынын айтып өтті.
Сондай-ақ Андас батыр ауылындағы № 296 Сайлау учаскесінде болды. Онда, сайлауға дайындық барысын да көріп, комиссия мүшелерінің ұсыныстарын тыңдап, тілдесті.
Мемлекет басшысының шешімімен «ҚР сайлау туралы» заңына өзгеріс енгізіліп, ауылдық округ әкімі лауазымына төте сайлау өтетін сайлау учаскесі дауыс беруге тыңғылықты әзірленгені аталып өтілді.
Келесі кезекте Андас батыр ауылындағы «Сыпатай батыр» шекара бекетінің жұмысымен Шекара басқармасының басшысы Ерлан Жұманбайұлы Бекмұратов таныстырды. Шекара басшысы: «Мұнда азаматтар тек ПТР тест тапсырып қана өте алады. Сонымен қатар, шекара бекеті кіші болғандықтан көше бойында жүк көліктерінің көптеп тұруына тұрғындар наразылық танытады. Алдағы уақытта бекеттің аумағын кеңейту, реконструкция жасау қажет» деді. Шекара басшысын тыңдаған Сенат депутаты Бекболат Орынбеков бұл мәселені тиісті деңгейде көтеретінін және бір шешімін табатындығын айтты.
Содан кейін, Гранитогор ауылы маңындағы «Аспара» су қоймасының жобасымен таныстырып, Аспара өзенінің бойында дамбы салу, су жинау мәселелері сарапталды. Сондай-ақ, «Bester Yard» ЖШС-нің балық өсіру және балық өнімдерін өңдеу жобасын
көрді. Аталған жоба алдағы уақытта ауданда балық үлкен шаруашылығын дамытуға септігін тигізетіндігі назарға алынды.
Аудан әкімдігінің
Баспасөз қызметі