Мәселе орындалуымен құнды
Өткен аптада аудан әкімінің алгоритіміне сәйкес аудан басшысы бастаған аудан әкімі аппаратының жиырмадан астам барлық бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық «КазТрансГаз» мекемесі, РЭС, аудандық аурухана, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, тағы басқа, аудандық мәслихат хатшысы Мұратбек Көкірекбаев және аудандық «Нұр Отан» партиясы Меркі филиалының төрағасы, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов басқарған алқалы топ Ақтоған ауылдық округінің «Қазақ Дихан» бөлімшесінде бір күнге жуық ауыл тұрғындарының, халық жағдайын білуге өзекті мәселелерін тыңдауға, жеке өздерін тебірентіп жүрген сұрақтарына жауап беру үшін келіп, қоғамдық қабылдау жүргізді.
Қабылдауда ауыл шаруашылығы бөлімі мен жер қатынастары бөліміне ауыл тұрғыны Жеңіс Асқаров қайырылып, өзінің жиырма бас ірі қара малы бар екенін, алайда оларды жайып, күту үшін жайылым жоқ екенін айтып, көмек сұрады.
Сол сияқты Орынтай Төлебаев та жайылым мәселесін қозғап, сонымен қатар өткен жылы қолға алынып, үйлердің, аулалардың жанына әкеліп қойған ауызсу жүйесін қосып беруді сұранды. Өзекті мәселеге жауап берген аудан әкімі Руслан Маратұлы сұрақтың орынды екенін айтып, алайда «Таза су» мекемесі сот шешімімен аудан меншілігіне алынғанын, сол сияқты өткізу, қабылдап алу мәселелері қол байлау болып тұрғанын айтып, бұл мәселе аудан әкімдігінің бақылауында екенін, таяу мезгілде мәселе шешімін табатынын баян етті.
Сонымен қатар, аудан әкіміне Есен Ниязбеков қажы мен Нұрлан Советов ағын су мәселесі туралы қайырылып, егер Үлкен Шу каналымен су келсе, өнім де молайып, табыс та көбейіп, тіптен қант қызылшасын егуге де болатынын айтып, мәселені қолға алуды сұранды.
– Бұл сұрақ өзекті сұрақ,-деді Руслан Маратұлы. – Қазір қуаңшылық болып тұр. Қырғыз жақ суды бермей отыр. Өздері де суға зәру. Біздің Аспара мен Меркі өзенінен 9,5 куб қана су келеді. Ауданымыз 2000 гектарға жуық қызылша екті. Соларды әрең сумен қамтамасыз етіп отырмыз.
Таяуда республикадан су шаруашылығы министрлігінен, сонымен бірге облыс әкімі Бердібек Машбекұлы келіп «Аспара» су қоймасының мәселесін көріп, зерделеп етті.
«Аспара» су қоймасына елу мың куб су жинауға болады. Осы мәселені қайта қолға алып жатырмыз.
Оңды шешім қабылданады деген үмітіміз зор. Сол сияқты елу- жүз куб су жинауға болатын «Аспара-1», «Аспара-2», «Аспара-3» жобалары да өндіріске енгізіліп тұр. Сәтін салып, жобалар жүзеге асса, Үлкен Шу каналымен сіздерге де су келіп қалады.
Ал, Есен Ниязбеков болса, сол қоғамдық қабылдау болып жатқан орта мектептің күнбатыс жағында тұрғын үй соғуға бөлінген 40 гектар жерге Тілеміс шаруа қожалығы арпа егіп, қазір орып жатқанын айтып, налыды.
Бұл мәселеден хабары жоқ аудан әкімі Ақтоған ауылдық округі әкімі Тұрар Дулатбаевқа қатты қатты сын айтып, мәселені зерделеуді жер қатынастары бөлімі мен ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырып, округ әкіміне түсінік, баянхат жазып келуді бұйрықты түрде тапсырды.
Қоғамдық қабылдауда жұмыспен қамту мәселесі, С.Мәлікасан көшесіне жол салу туралы, Қабыл Мырзалиев ауызсу мәселесін көтеріп, шара қолдануды сұранды.
Осындай қоғамдық қабылдаулар Андас батыр ауылдық округі мен Ақарал ауылдық округтерінде де өтті.
Жалпы округ бойынша 12 тұрғын өтінішпен қайырылып, тоғызына сол жерде нақты жауап берілді, үш мәселе бақылауға алынды.
«Меркі Ақиқат»