Күй күмбірлеп, терме тербеліп, ән шалқыды

0
70

Меркі ауданы Мәдениет бөлімінің «Орталықтандырылған мәдениет үйлері және клубтар жүйесінің» ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Ұлттық домбыра» күні құрметіне «Домбыра дастан» атты аудандық күйшілер, мен термешілер және дәстүрлі әншілердің байрақты бәсекесі өтті.

Байқау ұлттық домбыра, Тәуелсіздік мерекесіне арналса да, бұл тартысты сынды біз Ұлттық өнер бәсекесі деп қабылдадық.
Әсем безендірілген сахна төрінен жүргізушілер нақышына келтіре, байқаудың мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді ілгерілету, Ұлттық өнеріміздің мәйегі болып табылатын жыр және терме, күмбірлеген күй өнерін насихаттау, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, дарынды, талантты жастарды көпшілікке таныту екенін өрнектеп айта келіп, күй сайысының тұсауын кесті.
Алғашқы болып сахнаға шыққан Бегаділ Бексұлтан көпшіліктің көңілін ашу мақсатында Түркештің «Көңілашар» күйін күмбірлетті.
Бексұлтан бір-екі жерінде кібіртіктеп қалғаны болмаса тәп-тәуір өнер көрсетті.
Байқауда Аманқос Амантай Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа», Сейдана Сабырбекова Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Тұрғын Айжан Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым», Айзада Нұрсейітова «Балбырауын», Кәрім Торқабаев «Адай», Құндыз Ибрагимова «Ерке сылқым», Гүлбайра Сарыбаева Қазанқап атамыздың «18 жасар Балжан қыз», Бекарыс Оразғали тағы да Әбдімомын жерлесіміздің «Ерке сылқым» күйін орындап, көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Іле термешілер термені төгілдіре тербетті. Гүлназия Пірімқұлова Махамбеттің термесін, Қуаныш Алимов Майлықожаның «Өсиет» термесін, күй додасына қатысқан Айжан Тұрғын Сартайдың термесін, Қаракөз Әуелбекова Бейбіт Шошабаевтың «Ақсақ қыздың зарын», Талғат Нұрқанат «Аталарың» халық термесін, Алтынай Тельтаева «солақай термеші» аты бар қыз Тынышбай Рақымовтың «Өмір» термесін орындады, сол сияқты Қанат Шәкібаев Абай атамыздың «Жақсы бір адам қартайса» термесін сахнада шалқытты.
Ал дәстүрлі ән байқауында Шерхан Махамбеталиев Кенен Әзірбаевтың «Бастау», «Ішім толған от пен дерт, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп әуелеткен Рамазан Жәнібек Абайдың «Өлсем орным қара жер», Ұлжан Қойлыбекова Кенен атамыздың «Шырқа даусым», Олжас Жұманов Жылкелдінің өсиеті «Құлан нарды» орындады. Арнайы бәсекеге Құлан ауылынан келген, терме сайысында да бағын сынаған Гүлназия Пірімқұлова «Ақ кербез» әнін орындады.
Құрамында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Шырынкүл Мамасерікова, Жамбыл облысының және Меркі ауданының «Құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық «Меркі Ақиқат» газетінің бас редакторы, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Серікбай Құралбай, күйші, ұлағатты ұстаз Бауыржан Қарабаев, Кенен Әзірбаев атындағы IX республикалық «Шырқа даусым» атты дәстүрлі әншілер байқауының жүлдегері Мадияр Шалабаев, ҚР мәдениет қайраткері, жыршы, ақын Бейбіт Шошабаевтар бар әділ қазылар алқасы кеңесе, сараптай келе, аудан намысын облыста қорғауы тиіс лайықты үміткерлерді анықтап, сынға қатысушыларға мүмкіндігінше лайықты орындарын анықтады.
Күй сайысында Қазанғаптың көп орындала бермейтін «Он сегіз жасар Балжан қыз» күйін өте әсерлі, шебер орындаған, №1 саз мектебінің ұстазы, жас күйші Гүлбайра Сарыбаева лайық деп танылды. Бірінші орынды Амантай Аманқос, екі екінші орынды «Ерке сылқым» күйін еркелете орындаған Құндыз Ибрагимова мен Бекарыс Оразғалилар, үшінші орынды Сейдана Сабырбекова, Айжан Тұрғын және Кәрім Торқабаевтариеленді.
Сол сияқты терме жанры бойынша домбыраны солақай тартатын, Алтынай Тельтаева бас жүлдеге лайық деп табылып, ол аудан намысын облыстық жарыста қорғайтын болды. Бірінші орынды Қуаныш Алимов, екі екінші орынды Ерік Сейітбеков пен Қаракөз Әуелбекова, үшінші орынды Қанат Шәкібаев пен Айдын Босатов иеленді.
Дәстүрлі ән додасында Ұлжан Қойлыбекова бас бәйгені еншілесе, бірінші Гүлназия Перімқұлова, екінші Рамазан Жәнібек, үшінші орындарды Шерхан Махамбеталиев, Ғабит Ракишевтар бөлісті.
Барлық жүлдегерлер мен қатысушыларға арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар тапсырылып, байқауды өз дәрежесінде, тартымды ұйымдастырған мәдениет бөліміне көрермендер шынайы алғыстарын білдірді.

Нұрай Махан, «Меркі Ақиқат«

Comments are closed.