Мәселе орындалуымен құнды
Аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кеңейтілген жиын өтті.
Онда хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыға салынды.
Аудан әкімі Руслан Маратұлы әрбір бөлім басшысын берілген тапсырмалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын тыңдады. Мәселен, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ербол Дүйсебаев аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, кәсіппен айналысам деушілерге грант және жеңілдетілген несие беру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырманы өз деңгейінде орындалып жатқанын айтып, қазіргі уақытта 150 қайтарымсыз грант, 6 несие беріліп, 272 адам тұрақты жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Аудан басшысы өз кезегінде грант алып жатқан және жұмысқа тұрып жатқан азаматтар бойынша талдау жұмыстарын жүргізуді және 45 елді мекенде жұмысқа сұраныс білдірушілердің назардан тыс қалмауын қадағалауды тапсырды.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне берілген Меркі ауылдық округіндегі құрылысы жүріп жатқан спорт кешенінің сапалы және уақытылы аяқталуын қадағалау тапсырмасының кестеге сай орындалып жатқанын бөлім басшысы Қуат Асанжанов баяндап, былтырғы жылы құрылыс жұмыстарына 317 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілгені, биылғы жылға 191 млн. тг бөлініп, құрылыс 1-маусымда уақытылы берілетінін айтты. Аудан басшысы құрылыстың уақтылы берілуін ғана емес, сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Ауданға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы 41 жас маманға көтерме қаражат берілетіндігін айтып, 34 маманға несие алуға мүмкіндік қаралғанын жеткізді. Аудан әкімі бұл жұмыстарды назарда ұстап, жас мамандарға жағдай жасаудың маңыздылығы туралы айтты.
Сонымен қатар былтырғы жылы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бес алқапта инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталған болатын. Осы алқаптарды кезекте тұрған тұрғындарға таратып беру мәселесі қозғалды. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы алқаптарда ауыз су жүргізілмегенше, Заң талаптарына сай таратып беруге болмайтынын айтып, ауыз су жүргізуге жобалық құжаттары өткізілгенін баяндады. Аудан әкімі барлық ауылдық округтерде неше азамат тұрғын үй кезегінде тұрғанын анықтап, қай ауылда сұраныс көп, қай жерден инфраструктура жүргізуге мүмкіндік бар екендігін зерделеуді тапсырды.
Жиын барысында Сұрат ауылдық округіндегі амбулаторияның жағдайы да талқыға салынды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Райқұл Нұржанов Сұрат ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысын жүргізуге ЖСҚ дайындалып, жобалық құны 179 млн. құрап отырғанын айтты. Амбулаторияны соғуға жер телімі де халыққа ыңғайлы жерден беріліпті. Аудан әкімі облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан қағаз жүзінде қаражаттың бөлінетіндігі не бөлінбейтіндігі туралы ақпарат алуды тапсырды.
Аудан әкімі барлық саланы қамти келе білім саласында атқарылған жұмыстарды зерделеді. Өткен жылы ауданда 120 орындық бір мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Ал биыл Тұрлыбай батыр ауылындағы №34 ЖББМ-ін күрделі жөндеуден өткізу, Аспара ауылындағы жаңа мектеп құрылысының ЖСҚ-сын сараптамадан өткізіп, қаржыландыруға ұсыныс беру жұмыстары қолға алынуда.
Өткен жылғы ауданда елдің ынтымағы мен бірлігінің, ауызбіршілігінің арқасында 13 үй, бір асхананы асарлатып соғу жұмыстары биыл да жалғасын таппақшы. Аудан әкімі Руслан Маратұлы жиында: «Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел» екенін айтып, бұл игі істің маңыздылығын барлық аудан тұрғындары сезіне білуі тиіс екенін айтып өтті. Асар – әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз отбасын қуантып қана қоймай, елдің ынтымақ бірлігін нығайтып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілікке шақыратын дәстүр. Ең алдымен бұл сауапты іс. Бір-біріне қол созып, көмек бермеген елдің берекесі кетіп, тыныштығы бұзылады. Қазақстанның бар байлығы – бейбіт өмірі. Біз теледидардан көрші елдердегі жағдайды көріп отырмыз. Таңқала, таңдана қарап отырмыз. Бұл ынтымақ пен берекенің жоқтығының белгісі», деді.
Сонымен қатар биылғы жылы екі бірдей ауыл көгілдір отынмен қамтылмақшы. Аудан әкімі Қарасу және Ақкөз қайнар елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ЖСҚ-ны сараптамадан өткізу туралы тапсырма орындалып, құжаттары толық дайын болып, қаржының бөлінуі күтілуде.
Аудан әкімі мәжіліс барысында аудандағы жалпы пайдаланымдағы автожолдардың жағдайы туралы сөз қозғады. Кейбір көшелердің күрделі, орташа және ағымды жөндеуден өткізу керектігін айтты. Бұл бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімінің нақты тапсырма беріп, былтыр пайдалануға берілген жолдардың да жағдайын зерделеуді табыстады.
Ауданнан шалғай орналасқан Жауғаш батыр ауылы электр қуатын көрші мемлекеттен алып отырғаны туралы, оның құны бірнеше есе көп шығып жатқаны туралы бұрын жазған едік. Аудан әкімі арнайы осы ауылдың тұрмыс жағдайымен танысып, тұрғындар пікірін тыңдап, ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізу керектігі туралы тапсырма берген. Бүгінде тапсырма бойынша құжаттары дайындалып, облысқа өткізілген. Егер бұл ауылға электр желісі тартылатын болса, қосымша екі бірдей шекара бөлімшелері тоқ көзіне қосылуға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда конкурстық амалдары жүріп, құжаттары сараптамадан өтуде екенін ТҮКШ бөлімінің басшысы баяндады.
Хаттамаға сәйкес аудан әкімі бос жерлерді мерзімінде айналымға қосу мақсатында аукциондар мен конкурстарды жоспарға сай өткізу бойынша мәселені көтерді.
Кәсіпкерлік бөліміне аудандағы азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстарды қатаң бақылауға алуға және аудандағы әлеуметтік дүкенді азық-түлікпен қамтуды назарға алуды тапсырды. Сонымен қатар, жиында су бөгеттерін жөндеуден өткізуге, су қоймаларының құрылысын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу, «Ленинжол» су қоймасынан бастау алатын К-1, К-2 каналдарының латоктарын ағымды жөндеуден өткізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасына сәйкес, тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-өтініштерді зерделеп, дер кезінде шешу бойынша жұмыстар туралы аудан әкімі аппаратының бас инспектор-кеңесшісі Әсемгүл Аблаеваның хабарламасын тыңдады. Ол бүгінгі күнге дейін 277 адам қабылдауға келіп, 613 мәселе қаралғанын хабарлады.
Аудан әкімі әкімдікке келген әрбір азаматтың өтінішін тыңғылықты тыңдап, шешу жолдарын қарастыруды, есіктен есікке жүгіртпеуді тапсырды.
Айта кетсек, аудан әкімі әр жұма сайын түстен кейін тұрғындарды жеке мәселелерімен тұрақты қабылдау өткізіп тұрады. Бұл халыққа жақын болудың бірден-бір жолы екені айқын.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»