Мәңгілік елдің жас ұрпақтары

Халықтар достығы мерекесі қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде № 2 балалар музыка мектебі өнерпаздарының мерекелік концерті өтті.
Жас таланттардың өнерін тамашалауға келген көрермендердің қошеметімен сахна төріне әдемі жыр шумақтарын мәнерлеп оқыған Аққу Мүсіліммен бірге жүргізушілер Зүбарзат, Диас, Нұрым қазақ, орыс,ағылшын тілдерінде концерттік бағдарламаның шымылдығын ашып ,аталған музыка мектебінде дәріс алып жүрген өнерпаздардың келешекте ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жеткен қасиетті қазақ өнерінің туын биікке көтеретін мәңгілік еліміздің тарландары болатынына сенім білдірді.
Мәдениет үйін күмбір күйге бөлеген, «Жігер» ұлт-аспаптар оркестрі, ұстаз Сымбат Ережептің жетекшілігімен Жамағат Темірғалиевтің «Бақтыбай әуені»,Марат Бердіғұловтың «Жігер» күйлерін және Карл Дженкинстің «Палладио» шығармасын жұртшылық қошеметпен қабылдады. Бекарыс Пернебайдың орындауындағы , «Қазақтай ел қайда» әні де көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Әдемі әзілдерімен концерттің сәніне сән қосып көрерменді күлкіге бөлеген жүргізушілердің хабарлауынан кейін гитара орындаушылары Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» орындаса, «Назқоңыр» домбырашылар ансамблі Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін нақышына келтіре ойнады. Ал, Диас Өтепбай халық әні «Айқаракөзді» әуелетті. Қыздар тобы мың бұралып «Шығыс» биін билеп, «Меркі маржандары» , «Ақ желең» домбырашылар ансамблі К. Күмісбековтің «Өмір жолы», Құрманғазының «Балбырауын» күйімен, «Айшолпан» қобызшылар ансамблі А.Жұбановтың «Көктем» шығармасымен концертті шырқау биікке көтергендей әсер етті.Қазақпай Ерасылдың орындауындағы халық әні «Япур-ай» әнінен кейін , сахна төріне бар сән-салтанатымен шыққан хор Қайрат Баекеновтың «Қазақстан-Отаным менің», Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әндері ешкімді бей-жай қалдырмады.
Келесі кезекте өнерпаздардың өнерін тамашалаған Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахимбеков, №1 Құрманбек Жандарбеков атындағы музыка мектебінің директоры Нұржан Жұмалиев және ата-аналардың атынан Марал Иманқұлова өздерінің ізгі лебіздерін жеткізді.
Ия,бүгінгі жас таланттардың өнерін тамашалап отырып, көңілге түйгеніміз мәңгілік елдің ұрпақтары ұлағатты ұстаздарынан өнегелі тәрбие алып өнерлі болып өсіп келеді екен. Біз олардан үлкен үміт күтеміз…Биікке самғай беріңдер, қарлығаштар!
Мейіркүл Әбжанова