Сайлау учаскелерінде әзірлік жүріп жатыр
ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын алдымыздағы
маусым айының 9-ында өткізу тағайындалған-ды. Осыған орай біздің ауданда да тиісті іс-шаралар белгіленіп, жүзеге асырылуда. Меркі аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымовқа жолығып, сайлау күніне әзірлік туралы әңгімелестік.
– Жұмыс күн өткен сайын серпін ала түсуде, – деді ол, – Баспасөзде ауданымыздағы аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары жарияланды.
– Сайлау науқаны барысында негізгі салмақ түсетін осы сайлау учаскелері туралы тарқатып айта кетсеңіз?
– Аудан бойынша барлығы 41 сайлау учаскесі ашылып, қазір бөлінген орындарды реттеу, жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұлардың ішінде халық санының артуына, сайлаушыларға неғұрлым жағдай туғызып, қолайлы болуы үшін қосымша 4 сайлау учаскесі ашылды. Олар: №477-учаске – Меркі ауылындағы «Балдырған» балабақшасында, №478-учаске – Сарымолдаев ауылындағы «Таңшолпан» балабақшасында, №479-учаске – Ойтал ауылдық округіндегі №48 мектепте, №480-учаске – Андас батыр ауылындағы «Балбөбек» балабақшасында.
– Шорман Төреханұлы, сайлау науқанының ұйымшылдықпен өз деңгейінде өтуі тұрғындармен жұмыс істейтін қызметкерлеріңіздің білім, біліктілігіне көп байланысты. Бұл ретте не дер едіңіз?
– Жалпы сайлау учаскелерінде барлығы 275 адам науқанға жұмылдырылып, сайлаушылармен жұмыс істейді. Олардың 71 пайызы – жоғары білімді, осыншалық деңгейде сайлау науқаны бойынша жұмыс тәжірибесі бар.
Ия, талай жылдардан бері ел басшысын, түрлі деңгейдегі халық қалаулыларын сайлаудың басы-қасында болып, ел тағдыры үшін маңызды жауапты науқандарды ұйымдастыра білген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы атап айтқандай, бұл сайлау – бүкілхалықтық сайлау, оған тек учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері ғана емес, әрқайсымыздың, әрбір қазақстандықтың, әр меркіліктің жауапкершілікпен қарауы, азаматтық тұрғыда зор белсенділік танытуы – міндет.
Сайлау күні күн санап жақындап келеді. Республикамызда қоғамдық бірлестіктердің жоғарғы органдарының ҚР Президенттігіне өз кандитаттарын ұсынуы 10 сәуірде басталса 28 сәуірде аяқталады.
Ел өміріндегі елеулі іс-шараның ұйымшылдықпен өтуіне бәріміз де атсалысайық, шет қалмайық.