Латын тілі — оқу бағдарламасында
Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында болашақта латын тіліне көшу қажеттігі анық айтылған. Латын әліпбиіне көшудің саяси маңызы да өте зор екенін халық та түсініп келеді. Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесі көпшіліктің талқысына түсіп отыр. Бұл маңызды шешімнің халықаралық маңызға ие екенін айтқым келеді. Латын әліпбиі жер жүзіне көп тарағандықтан, қазақ әдебиетін, ақын-жазушылардың құнды дүниелерін шет елдерге кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Алдымыздағы оқу жылы латын тілі мектепалды даярлық сыныбының оқу бағдарламасына енгізілмекші. Бұл — өте маңызды тарихи шешім деп ойлаймын. Өйткені латын тілі оқу бағдарламасына енбейінше кең қанат жая алмайтыны түсінікті. Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған бүлдіршіндердің латын әліпбиін тез жаттап алатынына, қызығушылық танытып оқитындарына сенімім мол. Кішкентай балалардың көрсем, білсем деген ынтасы әркез басым тұрады. Алдағы уақытта мектеп бағдарламасына сай латын тілінде оқулықтар шығып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Мен сабақтан тыс уақытта латын әліпбиін қолданып, оқушыларға мәтін жаздырамын. Жаңалыққа жаны құмар балалардың латын тілін игеруге деген құлшынысы мені қуантады.
Оқушылардың пәнге қызығушылығын, іскерлігін, белсенділігін арттыруда мұғалімнің рөлі өте зор. Осы орайда ұстаздарды арнайы дайындық курстарынан өткізу қажеттігі туындайды.
Латын тіліне көшу- өзімізді өзгелерге танытудың жаңа мүмкіндігі деп сеніммен айта аламын.
С. Құлжанова,
№44 ЖББМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі