Технология адам мейірімін алмастыра алмайды

Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) адам өмірінің барлық саласына еніп, қоғамның даму бағытына елеулі өзгерістер әкелуде. Әсіресе білім беру мен бала тәрбиесінде оның маңызы артып келеді. Бүгінде балалар түрлі ақпаратты жасанды интеллект арқылы іздеп, сұрақтарына жауап алып, жаңа дағдыларды меңгере алады. Алайда осы мүмкіндіктермен қатар, жасанды интеллектінің бала тәрбиесіне тигізетін кері әсерлері де жоқ емес.
Ең алдымен, жасанды интеллектінің бала тәрбиесіндегі пайдалы жақтарына тоқталайық. ЖИ – баланың танымдық қабілетін дамытып, білімін жетілдіріп, шығармашылық әлеуетін арттыруға көмектеседі. Жасанды интеллектінің көмегімен бала қызықты тапсырмалар орындап, шет тілдерін үйреніп, түрлі шығармашылық жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтар жасанды интеллектіні баланың жас ерекшелігіне сай оқу материалдарын д а й ы н д а у , п а й д а л ы о й ы н д а р ұ с ы н у және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін пайдалана алады. Мысалы, ата-ана баласына ұлттық құндылықтарды түсіндіру мақсатында жасанды интеллект көмегімен қазақтың салт-дәстүрлері туралы қызықты әңгімелер құрастырады. Тәрбиелік мәні бар ертегілер, мақал-мәтелдер арқылы баланың бойына үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, адалдық пен жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге болады. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллект – ата- ана мен педагогтың жұмысын жеңілдететін көмекші құрал.
Дегенмен жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдалану бала тәрбиесінде белгілі бір қиындықтар туындатуы мүмкін. Ең басты қауіптің бірі – баланың дайын ақпаратқа тәуелді болуы. Егер бала барлық сұрағына жауапты жасанды интеллектіден алып, тапсырмаларын өз бетімен орындауға дағдыланбаса, оның сыни ойлау, іздену және мәселені шешу қабілеттері жеткілікті деңгейде дамымауы ықтимал. Сонымен қатар экран алдында ұзақ уақыт отыру баланың денсаулығына, ұйқысына, зейініне және құрдастарымен қарым-қатынасына кері әсер етеді.
Бала тәрбиесінде тек ақпарат беру жеткіліксіз. Тәрбие – мейірім, сенім, түсіністік, өнеге және күнделікті қарым-қатынас арқылы қалыптасатын күрделі үдеріс. Жасанды интеллект баланың сұрағына жауап бергенімен, ата-ананың шынайы қамқорлығын, жылы сөзін, құшағын және өмірлік тәжірибесін алмастыра алмайды. Баланың бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуы көбіне отбасыдағы қарым- қатынасқа, ата-ананың іс-әрекетіне және қоршаған ортаның ықпалына байланысты. Сондықтан ата-аналар баланың технологияны қалай пайдаланып жүргеніне назар аударуы керек. Баланы жасанды интеллектіні дұрыс қолдануға үйрету, алынған ақпараттың шынайылығын тексеруге баулу және жеке мәліметтерін қорғаудың маңызын түсіндіру қажет. Сонымен бірге баланың бос уақытын кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, табиғат аясында серуендеуге және отбасымен бірге пайдалы іс-шаралар өткізуге бағыттаған жөн. Ең маңыздысы – баламен ашық сөйлесіп, оның қызығушылықтары мен сезімдеріне көңіл бөлу.
Педагогтар үшін де жасанды интеллектіні тиімді пайдалану маңызды. Мұғалім ЖИ-ді сабаққа дайындалуда, оқу тапсырмаларын түрлендіруде және оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеруде қолдана алады. Алайда баланың білімін бағалау, мінез- құлқын түсіну, қабілетін дамыту және тұлғалық қалыптасуына ықпал ету барысында мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен адами қарым-қатынасы шешуші рөл атқарады. Жасанды интеллект педагогтың орнын басатын құрал емес, оның мүмкіндіктерін кеңейтетін технология болуы тиіс.
Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөзді ұстанған. Бұл сөздің мәні бүгінгі технологиялық заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бала, ең алдымен, ата-анасының әрекетіне қарап өседі. Егер ересектер технологияны орынды пайдаланып, уақытты бағалап, білімге ұмтылудың үлгісін көрсетсе, бала да цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс қолдануды үйренеді.
Қалай десек те бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік ата-ана мен педагогке жүктеледі. Өйткені ешбір технология адам мейірімін, ұлттық тәрбиені және шынайы қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Болашақ ұрпақтың саналы, білімді әрі адамгершілігі мол болып қалыптасуы үшін заманауи технология мен дәстүрлі тәрбиені өзара үйлестіре білуіміз қажет.
Индира ЖАҚЫНБАЕВА,
№32 орта мектебі
биология пәнінің мұғалімі,
педагог-ассистент,
Мадина ҮСІПОВА,
информатика пәні мұғалімі


















