Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді

0
4

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде күшейтіліп келеді.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Балалармен тікелей жұмыс істейтін ювеналдық полиция қызметкерлерінің тиімді қызмет атқаруы үшін бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің қолдауымен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларын тоқсан сайын қызмет нәтижесіне қарай қаржылай ынталандыру тетігі енгізілді.

Сонымен қатар ювеналдық полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қызметкерлерге 13 жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бұл инспекторлардың білім беру ұйымдарына, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен олардың отбасыларына жедел баруына мүмкіндік береді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептердегі бейнебақылау камераларын Жамбыл облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл білім беру ұйымдарындағы жағдайды жедел бақылап, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қажет жағдайда шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда «Жас сақшы» жобасына да басымдық берілген. Қазіргі таңда облыста 43 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Жобаға 900-ге жуық бала қамтылған.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстар саны 15,2 пайызға төмендеген. Атап айтқанда, қылмыс саны 99-дан 84-ке дейін азайған.

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты облыстағы 531 мектеп пен 42 колледжге 785 полиция қызметкері бекітілді. Олар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Есепті кезеңде 390 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаған 141 ата-ана профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар 18 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына орналастырылып, 47 ата-ана ата-ана құқығынан айырылды.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың 173 отырысы өткізілді. Қазіргі таңда профилактикалық есепте 277 қолайсыз отбасы және 176 кәмелетке толмаған тұр.

Рейдтік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 9 084 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 988 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оның ішінде 7 716 дерек – жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуы, 1 476 дерек – ата-аналардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамауы, 245 дерек – кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол беру, 237 дерек – ұсақ бұзақылық, 63 дерек – алкоголь өнімдерін тұтыну және 48 дерек – буллинг пен кибербуллингке қатысты.

Талдау нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері ретінде ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігі, балалардың қараусыз қалуы, әлеуметтік ортаның әсері, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі теріс ақпарат, тұрмыстық жанжалдар және кейбір отбасылардың материалдық қиындықтары анықталған.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарында 7 756 дәріс пен түсіндіру кездесуі өткізілді. Сонымен қатар интернет-ресурстарда 1 955 бейнеролик жарияланып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.

Басты мақсат – құқық бұзушылықтың салдарымен күресумен шектелмей, оның алдын алу, әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Comments are closed.