Жамбыл облысында газдандыру деңгейі 92,2 пайызға жеткізіледі

Жамбыл облысында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Жыл қорытындысында облыстағы халықтың газбен қамтылу деңгейін 92,2 пайызға жеткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда облыста 357 елді мекен бар. Оның 284-і, яғни 1,116 млн адам табиғи газбен қамтамасыз етілген. Бұл халықтың 91,8 пайызына тең. Қалған 73 елді мекенді газдандыру бойынша кезеңдік іс-шаралар жоспары әзірленген.
Жамбыл облысының аумағы арқылы табиғи газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Бухара газнасосты аумақ – Ташкент, Бішкек, Алматы», «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырлары және «Амангелді газ» кенішінен тасымалданады. Өңірдегі газ құбырларының жалпы ұзындығы 7 658,5 шақырымды құрайды.
Соңғы үш жылда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында 1,1 млрд теңгеге 57,1 шақырым газ құбыры жөнделді. Нәтижесінде газ құбырларының орташа тозу деңгейі 23,6 пайызға дейін төмендеген.
Облыс аумағында «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ға қарасты жобалық қуаты 555,8 мың текше метр/сағат болатын 18 автоматты газ тарату станциясы жұмыс істейді. Қолданыстағы станциялардың қуаты тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз етуге жеткілікті, газ тарату жүйесінің өткізу қабілеті бойынша техникалық тапшылық жоқ.
Ағымдағы жылдың 7 айында облыста жалпы 1,171 млрд текше метр газ тұтынылған. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 2,053 млрд текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр.
2025 жылы жалпы құны 19,1 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылып, нәтижесінде 10 елді мекеннің 5 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Оның ішінде Талас ауданындағы 2, Жуалы ауданындағы 4 және Жамбыл ауданындағы 4 елді мекен бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл және Жуалы аудандарының тұрғындары 100 пайыз табиғи газбен қамтылды. Ал Талас ауданындағы газдандыру деңгейі 94,1 пайызға жетті.
Биыл Мойынқұм ауданындағы үш елді мекенге жеткізуші газ құбырын салу жобасын аяқтауға 4,5 млрд теңге бөлінді. Жалпы құны 18,5 млрд теңгені құрайтын жоба 2024-2026 жылдары іске асырылуда. Оның аясында 70 шақырым газ құбыры салынды.
Сондай-ақ Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді газдандыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. «Еврохим» автоматты газ тарату станциясының құрылысын аяқтауға 1,041 млрд теңге бөлініп, қазіргі уақытта жұмыстар аяқталу сатысында.
«Шу» АГТС жобасы Шу ауданының 18 және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін кезең-кезеңімен газдандыруды көздейді. Жобаға Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 2,9 млрд теңге қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін газдандыру саласына 8,5 млрд теңге бағытталып, Арыстанды, Үшбас және Бүркітбаев ауылдарының шамамен 5 мың тұрғынын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланған.
Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда Жамбыл облысында халықты табиғи газбен қамту деңгейі 92,2 пайызға дейін артады.

















